Алтынбек Ұтысханұлы Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Қадірлі қауым, құрметті көпшілік!
Ата-бабамыз таңдаған, ұлысты ұйыстыратын ұлағатты ислам дінін халқымыз ғасырлар бойы бекем ұстанып келеді.

Дәстүрлі дініміз бүгінде халқымыздың адастырмас берік рухани темірқазығына айналды. Адамзаттың ізгі құндылықтарын уағыздайтын ата дінімізде Құрбан айттың алатын орны ерекше. Республикамызда бұл мерекеге демалыс берілгені халқымыз үшін үлкен игілік болғаны белгілі.

Алла баршамызға Зұлхижжа айын мінәжатпен, сауапты игі істермен өткізуді бұйыртсын.
Құрбан айт – күллі мұсылманның ең ұлық мейрамы. Айтқа әлемдегі барша мұсылман жұртшылығы ерекше дайындықпен келеді.  Айт намазын оқумен басталатын мереке арнайы құрбан шалубан бастап, көптеген игілікті істермен жалғасын табады.


«Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ендеше, құрбандық шалуды Алла Тағалаға сауапты істермен барынша жақындап, рақым-мейірімінен үміт ету  деп түсінген абзал.

Бұл «жақындау» құрбан шалумен қатар басқа да игілікті істермен болатынын қаперде ұстауымыз қажет. Көрші-қолаң, ауылдас, ағайын-туыс, жамағат арасындағы бір-біріне айттап, құттықтасу, жақсы тілек айту да сыйластықты күшейтіп, бауырластықты арттыратындықтан жақындауға себеп болады.

Мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, қауқылдасып, құттықтасып, қабыл болсын деу арқылы достық пен ағайындықты нығайта түседі. Құрбандық етін тарату да өзгелерге қарасуды, көмектесуді, жәрдемдесуді білдіреді. Қоғамдағы жетім-жесірлерді, көмекке, қолдауға зәру жандарды еске салатын бұндай жанашырлық пен қайырымдылық та жақындаудың бір түріне жатады.

Одан бөлек, сүннетті орындаумен де пенде Жаратушы иесіне жақындай түседі. Айталық, мерекенің алғашқы күні ертерек ғұсыл алып, таза киініп, әтір себініп, құрбандық етінен дәм татқанға дейін айт намазының алдында ештеңе жемей, оған бара жатқанда тәкбір айту – хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті.

Жақындаудың тағы бір жолы ол – көркем мінезділікте. Айт күні жолда жолыққан кісілерге қуана сәлемдесу, жылы жүз таныту, жақсы тілектер айту, өкпе-реніштер болса кешірісу, татуласу да пенденің тақуалығын арттырып, Жаратушы иесіне жақындататын әрекеттерге жатады.


Аллаға жаққан, барлық игілікті істерімен оған жақындай түскен пенденің қателіктері мен күнәлары кешіріледі. Екі дүниеде де бақытқа бөленіп, берекелі ғұмыр кешеді.
Ендеше, Алла разылығына жақындау ниетімен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын!


Елдің береке-бірлігін бекемдейтін, тақуалық пен қайырымдылықты арттыратын мерекеміз құтты болсын!  Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Алла тағала баршамыздың айттан айтқа аман жетуімізді жазып, келешегімізді кемел, жүзімізді жарқын етсін!