Атырауда «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 157/9 түзету мекемесінде «Дін мен дәстүр – ұлттық құндылық негізі» тақырыбында мәдени-танымдық шарасы өтті.
Мақсат – жазасын өтеушілер арасында діни сауаттылықты арттыру арқылы, дәстүрлі діни бағытқа баулу, оңалту жұмыстарын жүргізу және діни білім жетілдіруге қызығушылық ояту.
Шараны облыстық дін істері басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Қаһарман Мусаев ашып, облыстық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Наурыз мерекесімен құттықтады.
Жазасын өтеушілер арасында өткен шара екі бағытты қамтыды. Біріншісі – зияткерлік (интеллектуалдық) сайыс, екіншісі – 30-пара бойынша Құран жаттаушылардың бағын сынау.
Зияткерлік сайыс 4 кезеңнен тұрды. «Бәйге» кезеңі сұрақ-жауаптан, екінші кезең мақал-мәтелге арналды.
Үшінші кезең қазақтың киелі сандарын сөйлетуге бағытталса, төртінші кезең ұлттық дәстүрімізді ұлықтауға арналды.
Зияткерлік сайыстан кейін Құран-Кәрімнің 30-парасын жатқа оқудан Құран жарысы өтті. Онда 13 қатысушы өзара сайысқа түсті.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.