Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Ракуш ауылында ашылған «Ықылас» мешітінің жамағатымен кездесіп, жұма намазын өткізді.
Кездесу аясында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы тағдыр тақырыбында насихат айтты.
«Қазақ халқында «Жазмыштан озмыш жоқ» деген өнегелі сөз бар. Бұл дегеніміз тағдырдың жазуынан асып кете алмайсың, тағдырдың басқа салғанын көресің дегенді меңзейді. Халық арасында адам баласының басына қандай да бір іс түссе, «тағдырдың жазуы» немесе «маңдайға жазылғаны сол» деп бір ауыз сөзбен түсіндіріп жатады. Осындай қиындық туған сәттерде тағдырға разы болып қана қоймай, сабырлық танытудың өзі – құлшылық.
Құран Кәрімде «Әли Имран» сүресінің 146-аятында: «Алла сабырлыларды жақсы көреді» деген. Және адам жақсы мен жаманды таңдау мүмкіндігі өзінде екенін білуі керек. Адам әркез жақсылыққа ұмтылуы тиіс» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.