Атырауда мешіт жанынан ашылған тігін курсын 48 адам бітіріп шықты

Атырауда «Иманғали» орталық мешіті жанынан әйел адамдарды екі жыл бойына тігіншілікке баулыған курс қорытындыланды.

Тігіншілік курсын 48 адам сәтті аяқтап шықты. Нәтижесінде үздік шәкірттерге тігін машинасы сыйға тартылды.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы курста Алла разылығы үшін бар білген білімін үйреткен тігінші-ұстаз Дильяра Орынбайқызына ерекше алғысын білдірді.

«Қазақта балық берме, қармақ бер» деген керемет сөз бар. Әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін аналарға арнап осы курсты бастаған болатынбыз. Аллаға шүкір, бұл курста елуге жуық әйел адам тігіншілікті үйренді. Осы жолда кәсіби маман ретінде біліміңізбен Дильяра Орынбайқызына алғысымды білдіремін» деп атап өтті Алтынбек Ұтысханұлы.

Шәкірттер курсқа қатысып қана қоймай, шеберлер арасында өткен түрлі облыстық, республикалық дизайнерлер сайысында жүлделі орындар алып үлгерген.