Анаға жасалған жақсылықтың сауабы мол

Дүниеге шыр етіп келген әрбір перзент үшін өзінің анасы қадірлі һәм құрметті. Ана деген сөзді естігенде елең етпейтін жан жоқ. Ана – үйдің берекесі, адамзаттың тәрбиешісі. «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» дегендей, ана тоғыз ай көтеріп, қиналып дүниеге әкелген перзентінің бақыты мен қуанышын аңсап, бар тілеуін тілейді. Демек ақ сүт беріп, түн ұйқысын бөліп, бар мейірімін төгіп мәпелеп өсірген анасының алдында перзенттің де өзіндік борышы бар.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ

Анаға жақсылық қылған адам әлемге де мейірімін төгеді. Анаға жасайтын жақсылығымызды оларға қызметінің қайтарымы ретінде емес, осындай асыл ананың перзенті болған үшін шүкірлікпен өтеу керек. Құранда мейірімі мол Алла: «Адамдарға ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ», – дейді («Лұқман» сүресі, 14-аят). Содан болар біздің қазақта «Анаңды үш арқалап Меккеге апарсаң да, оның парызынан құтыла алмайсың» деген аталы сөз қалған. 

Рас, ана алдындағы парызымызды толық өтей алмаймыз. Дегенмен анаға жақсылық жасау – перзенттік борышымыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде ананың мәртебесі жоғары екені көрсетіледі. Сахабалардың бірі ардақты Пайғамбарымыздан: «Уа, Алла елшісі! Жақсылықты кімге жасауым керек?» – деп сұрағанда: «Анаңа», – деген. «Кейін кімге?» – деп сұрағанда: «Анаңа», – деген. «Кейін кімге?» – деп тағы сұрағанда: «Анаңа», – деген. «Кейін кімге?» – дегенде: «Әкеңе, кейін жақынырағына, кейін жақыныңа», – деп жауап берген екен.

Сахаба Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) бірде анасының өтінішімен түннің бір уағында су алып келеді. Алайда суды әкелгенше анасы қайта ұйықтап қалған екен. Оянғанда су сұрап қалса, дайын тұрсын деген ниетпен анасының қасынан оянғанша кетпеген екен. Ислам ұлыларының бірі Рабиғ ибн Хусейм жолда жүргенде жолаушыларға зиян тигізетін заттарды қолымен алып тастап отырады екен. Зиянды заттарды әр алған сайын: «Мынау (осының сауабы) әкеме, мынау (осының сауабы) анама», – деу арқылы ата-анасына жақсылық жасайтын болған. «Жәннат – ананың аяғының астында», – деген хадис исі мұсылманға таңсық емес. Анасына жақсылығын аямаған адамға жәннат игілігі нәсіп болады. Сондықтан жақсылықты үлкен-кіші деместен анаға шынайы ықыласпен әрдайым жасау керек.

ИТАҒАТ ЕТУ

Перзент ретінде ана алдындағы борышымыздың бірі – анаға итағат ету. Ана үшін ең ауыр нәрсе – перзентінің тіл алмай, қарсы шығып, кейіп сөйлеуі. Алла Тағала мұндай істен бізді қайтарып, былай бұйырады: «Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті «Түһ!» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Оларға тек көркем сөз сөйле» («Исра» сүресі, 23-аят).

Ет пен сүйектен жаралған ананың да кейде шаршайтын кезі болады. Ауыр айтар сөзі болады. Пенде болғаннан кейін кемшілік атаулы адамда қатар жүреді. Кей істі қате жасауы да әбден мүмкін. Сондықтан анаға барынша түсіністік танытып, итағат ете білген жөн. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде сахабаларына: «Үлкен күнәлардың ең ауыры қайсысы екенін айтайын ба?» – дейді. Сахабалар: «Айтыңызшы, я Расулалла!» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «Алла Тағалаға серік қосу және ата-анаға қарсы шығу», – деген екен.

Аллаға серік қосу ең ауыр күнә болса, перзенттің ата-анаға қарсы шығуы да – сондай ауыр күнә. Анасын сыйлай алған перзент өзгелерді де құрметтей біледі. Алла Тағала тәрбиенің үлгісін көрсетіп, анаға жылы сөз айтуды, алдында тұрғанда мейірім танытуды, кішіпейіл қалыппен ананың тілін алуды бұйырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисте былай дейді: «Алла Тағала аналарыңның тілін алмауды, бересіні өтеуден бас тартуды, өздеріңе тиесілі болмаған дүниеге қол сұғуды және қыз нәрестелеріңді тірідей көмуді харам қылды».

Есімі Ислам әлеміне таныс, атақты хадистанушы имам әз-Зәһәбиді замандастары еске алып, жас кезінде оның тек өз қаласында ғана ілім алғанын айтады. Оған басты себеп – «анасының қаладан шықпа» дегені. Имам әз-Зәһәби анасы қайтыс болғанға дейін қаладан шықпаған екен. Кейіннен өзі: «Мен ілім іздену үшін басқа жерлерге барғым келетін. Алайда анам қарсы болды да, мен оған итағат еттім. Сол итағатым үшін Алла менің іліміме береке жаудырды», – деп еске алады. Демек анаға итағат көрсету береке әкеледі. Адамгершілік ананың тілін алып, оған әрдайым итағат етуден басталарын перзент ұмытпауы керек.

ДҰҒАДАН ҚАЛДЫРМАУ

Дұға – дініміздің негізі, құлшылықтың өзегі, мұсылманның қорғаны. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерге дұшпаннан қорғайтын әрі ризықты молайтатын бір нәрсені айтайын ба?! Күндіз-түні Аллаға дұға етіңдер. Өйткені, дұға – мүминнің қаруы», – деген екен. Сондықтан адам баласы өзі үшін дұға еткені секілді дүниеге әкелген ата-анасын да дұғасынан ешқашан қалдырмау керек. Құран Кәрімдегі: «Уа, Раббымыз! Есеп беретін күні мені, ата-анамды және күллі мүміндерді кешіре көр!» – деп келетін аят бізге қалай дұға жасау керектігін үйретеді («Ибраһим» сүресі, 41-аят). Тағы бір аятта: «Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!» – деп дұға ет», – деп бұйырады («Исра» сүресі, 23-24-аяттар).

Жоғарыдағы екі аяттан байқағанымыз, ата-анаға әрдайым перзенттері дұға жасап жүруі – перзенттік борышы. Тіпті ата-анасы дүниеден өтіп кетсе де, Алладан олардың күнәларының кешірілуін тілеп, «Раббым, мейіріміңе бөлей көр» деп жалбарынып, дұға жасауы қажет. Дүниеден өткен ата-ананың артынан жасалатын дұғаның сауапқа айналарын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп жеткізеді: «Адам баласы дүниеден өткен соң амал дәптері жабылады. Бірақ үш ісінің сауабы үзілмейді. Олар: садақа жәрия (сауапты іс қалдырса мешіт-медресе, жол-құдық т.б), басқаларға жеткізген пайдалы білім, артынан дұға ететін салихалы ұрпақ», – дейді. Кей сахабалар: «Ата-анаға дұға етуді ұмыт қалдыру өмірдің таршылығына алып келеді», – деген екен.

Саңлақ сахабаның бірі Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) үйіне кірген сайын анасына: «Мені кішкентайымда қалай тәрбиелеген болсаңыз, Алла Тағала да сізге дәл солай мейірімін жаудырсын», – деп дұға жасайтын болған. Анасы да: «Ержеткен кезде маған жасаған жақсылығың секілді Алла Тағала да саған бар мейірімін жаудырсын», – дейді екен. Салиқалы ұрпақ жанында жүрген ата-анасының тілеуін тілеп, егер дүниеден өткен болса, олардың артынан Алладан мәрхамат сұрап, дұға жасайды.

ӘДЕП ТАНЫТУ

Ананың алдында әдеп сақтау, құрмет көрсету – перзенттік борышымыз. Кейде анасының есімін атап, өз құрдасындай мәміле жасайтын жандар кездеседі. Мұндай мәміле ананы өзімен тең көру немесе өзгелердің алдында төмен санап, кемсіту болып табылады. Мұндайда дана халқымыз «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа» деген. Сондықтан ананы кемсітуді емес, оны барынша құрметтеуді әдет етуіміз керек. Сахабалардың бірі Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Бірде Пайғамбарымыздан: «Алла Тағала қандай істі анағұрлым жақсы көреді?» – деп сұрадым. Ол: «Уақытылы оқылған намазды», – деді. Мен тағы: «Одан кейін ше?» – деп сұрағанымда: «Ата-ананы құрметтеуді», – деп жауап берді».

Ислам дінімен сусындаған ұлы ғалымдарымыз аналарын ардақтап, олардың алдындағы перзенттік әдебін сақтаған. Табиғиннің бетке ұстары, дін ғалымы Ибн Сириннің (Алла оған разы болсын) анасына көрсеткен әдебі тіптен керемет. Ибн Сирин анасын көрсе, түрі өзгеріп кеткен. Егер анасымен сөйлессе, өзін мырзасы алдындағы құл іспетті ұстайтын. Ана алдындағы әдебі оған деген шексіз құрметі болса керек. 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Барлық күнәның жазасы Алланың қалауымен Қиямет күніне дейін кешіктірілуі мүмкін. Алла Тағала ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның жазасын осы өмірде өлім келмей тұрып береді», – деген. Үлкен ғалымдардың бірі Хасан Басри (Алла оған разы болсын) әдеп танытып, анасымен бір табақтан тамақ ішпеген. Оның себебін сұрағандарға: «Анамның қалап тұрған дәмді асын одан бұрын алып қоямын ба деп қорқамын», – деп жауап берген екен.

Сахаба Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім күнін Алланың разылығы үшін ата-анасына бойұсынған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашылады. Егер біреуі тірі болса, бір есігі ашылады. Егер кімде-кім ата-анасына бойұсынбаған күйде кешті батырса, оған екі бірдей тозақтың есігі ашылады. Егер біреуі тірі болса, бір есігі ашылады», – дейді. Сол кезде бір адам тұрып: «Ол екеуі оған зұлымдық жасаса да ма?» – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, зұлымдық жасаса да», – деп үш мәрте қайталады. Ананың алдында әдеп сақтау – дініміздің әмірі, иманның көрінісі.

ТҮЙІН: Жалаладдин Руми: «Ананың ақысына абай бол! Оны басыңдағы тәж деп біл. Өйткені аналар босану бейнетін тартпағанда, балалар бұл дүниеге келмес еді», –деген болатын. Анасына қызмет көретіп, оның разылығы мен батасын алған перзент екі дүниенің бақытына жетеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың қаһары – ата-ананың ашуында», – деген. Әкеге жасаған жақсылық секілді, анаға жақсылық жасау да – Алланың разылығына жеткізетін амал. Ендеше, ананың дұғасын алу, көңіліне қаяу түсірмеу, анаға сый жасап қуанту, анаға әрдайым жылы сөз сөйлеу секілді көптеген борышымыз тоқтаусыз жалғасуы керек. Себебі ана алдындағы борышына аса жауапкершілік танытқан перзент ешқашан жаман болмайды.

Болатбек АБУ,

Қызылорда облысының бас имамы

«Иман» журналы, №8, 2023 жыл