Ата-анаға құрмет қылу, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан асыл дәстүрі мен тәрбиесінің негізі. Бұл ұстаным тек әдеп не дәстүр деңгейінде қалып қоймай, тұтас бір халықтың дүниетанымын, өмір сүру қағидасын айқындап тұрған рухани заңдылыққа айналған. Қазақ дүнетанымында ата-ананың орны ерекше. Өйткені олар, өмірдің бастауы ғана емес, тәрбие мен тәлімнің, ізгілік пен имандылықтың қайнар көзі.
Қазақ халқы үшін отбасы – рухани тірек, адамгершілік бастауы, ұлттың болашағын айқындайтын негізгі ұя. Бала жастайынан әке-шешесінің тәрбиесін көріп, солардың мінез-құлқын бойына дарытады. Әкені отбасының тірегі, бағыт беруші тұлға деп қараса, ананымейірім мен жылулықтың, рухани тазалықтың символы ретінде бағаланған.
Абай Құнанбайұлы қара сөздерінде ата-ана тәрбиесінің маңызын ерекше атап өткен. «Әне оны берем, міне мұны берем деп, бастан балаңды алдағаныңа мәз боласың, соңынан балаң алдамшы болса кімнен көресің? «Боқта!» деп біреуді боқтатып, «кәпір қиянқы, осыған тимеңдерші» деп, оны масаттандырып тентектікке үйретіп қойып, «қу, сұм бол» деп, «пәленшенің баласы сенің сыртыңнан сатып кетеді деп, тірі жанға сендірмей жат-мінез қыласың» – деп, теріс тәрбие беретін ата-аналарды қатты сынға алады. Адам баласының жақсы не жаман болуы, ең алдымен, көрген тәрбиесіне байланысты екенін айтады. Бұл құбылыс белгілі бір кезеңмен шектелмейді, керсінше барлық дәуірге ортақ ақиқат. Бала қандай ортада өсіп, қандай тәлім-тәрбие көрсе, сол бағытта қалыптасады. Сондықтан ата-ананың әрбір сөзі мен іс-әрекеті бала үшін үнсіз берілетін өнеге екені анық.
Қазақ тарихына көз жүгіртсек, ата-ана батасының құдіреті ерекше бағаланған.Батырлар жырында, ел қорғаған ерлердің өмірінде ананың ақ тілегі мен әкенің батасы әрдайым жеңістің кепілі ретінде суреттеледі. Жорыққа аттанар алдында ананың разылығын алу – тек дәстүр емес, рухани күш алу деп түсінілген. Яғни бұл ата-анаға деген құрметтің қаншалықты жоғары деңгейде болғанының айқын дәлелі.
Қазіргі кезеңде қоғам жаңғырып, уақыт талабына сай өзгерістерге ұшырап, технология қарқынды дамып келеді. Алайда ата-анаға деген құрметтің мән мағынасыөзгермеуі тиіс. Керісінше, қарбалас өмірде, ақпарат тасқыны арасында бұл құндылық одан сайын маңызды бола түсуі керек. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар арасында ата-анамен қарым-қатынастың әлсіреуі, олардың қадір-қасиетін кеш түсіну сияқты жағдайлар кездесіп жатады. Мұның өзі рухани құндылықтың әлсірегенін аңғартады.
Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр», – деген. Бұл аятта ең алдымен Аллаға серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Алладан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салынып, оларға жақсы қарауды әмір етілген. Бұл аятта ата-ананың ислам дініндегі орны мен дәрежесінің аса жоғары екенін айқын көрсетеді. Яғни, Ислам дінінде ата-ананы ренжіту жай ғана әдепсіздік емес, керісінше үлкен күнә ретінде бағаланады.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) хадистерінде ата-ананы сыйлау, оларға қызмет ету және разылығын алу мәселесі өте кеңінен қозғалып, ең маңызды құндылықтардың бірі ретінде көрсетілген. «Жәннат – аналардың табанының астында», – деген хадис ананың мәртебесін ерекше биік деңгейге көтереді. Бұл терең мағыналы сөздің астарында ананың орасан еңбегі, шексіз мейірімі және перзентіне деген шексіз сүйіспеншілігі көрініс табады. Сонымен қатар, «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында», – деген хадис әрбір мұсылманның өмірлік ұстанымына айналуы қажет.
Қазақ әдебиетінде де ата-ана мәселесі кеңінен әрі терең мазмұнда көрініс тапқан. Мұқағали Мақатаев шығармаларында анаға деген сағыныш, құрмет ерекше сезіммен беріледі.
«Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам» – деп ақын ана жүрегінің шексіз мейірімі мен перзентке деген мәңгілік махаббатын терең сезіммен бейнелейді. Бұл – жай ғана өлең жолдары емес, өмір шындығын айқын бейнелейтін көркем көрініс.
Абдулла ибн Омар (р.а.) анасын мойнына салып, Қағбаны тауап етіп жүрген бір кісіні көреді. Сонда әлгі кісі: «Уа, Омардың ұлы! Не айтасың? Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?» – деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар (р.а.): «Жоқ. Сені босанарда қысқан толғағының біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгілік жасадың. Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазылар», – деп жауап берген екен.
Ата-ана қадірін ұғыну көбіне уақыт өте келе қалыптасып жатады. Адам баласыесейіп, өмірдің әрбір қиындықтарын көрген сайын, ата-анасының айтқан сөзінің мәнін ұғына бастайды. Сол кезде өткен уақытты кері қайтару мүмкін болмай, өкініш сезімі ғана қалады. Сондықтан ата-ананың қадірін олар тірі кезінде бағалау – нағыз парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі екенін естен шығармауымыз керек.
Қоғамдағы көптеген мәселелердің түп-тамыры отбасындағы тәрбиеден басталады.Егер әрбір бала ата-анасын құрметтеп өссе, қоғамда да сыйластық, әділдік, мейірім арта түсер еді. Ата-анаға құрмет – тек жеке адамның емес, тұтас ұлттың мәдени деңгейін көрсететін көрсеткіш.
Қазіргі уақытта ата-анамен байланысты нығайту үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Кейде бір жылы сөз, аз ғана көңіл бөлу немесе телефон арқылы хабарласудың өзі жеткілікті. Ең бастысы – шынайы ниет пен ықылас. Себебі ата-ана үшін баласының амандығы мен жүрек жылуы бәрінен қымбат.
Қорытындылай келе, ата-ана қадірі уақытпен өзгермейтін, ешқашан ескірмейтін асыл құндылық. Оны бағалау, құрметтеу және амандығын тілеу әрбір перзенттің өмірлік парызы. Ата-анасын ардақтаған жан ғана шынайы адамгершіліктің биігіне көтеріледі. Мұндай адам өмірде береке мен тыныштыққа, рухани байлық пен шынайы бақытқа қол жеткізетіні сөзсіз.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Құран Кәрім (қазақша аударма) – https://quran.kz
2. Абайдың дүниетанымы мен философиясы. Алматы, 1995ж.
3. Мұқағали Мақатаев, «Анашым», https://bilim-all.kz/olen/33109-anashym
4. «Ата-ананың қадірі», 04.12.2009, https://www.muftyat.kz/kk/nasihat/zhuma-minberi/2019-12-04/29484-ata-ananyn-kadiri/
5. Мүслім хадистен жинағы
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы


