Арабшаға тілі келмейтін адамның Құран оқуына бола ма?

Сұрақ: Арабшаға тілі келмейтін адамның Құран оқуына бола ма?

Жауап:

Ислам – әлемдік дін. Құран араб тілінде түскенімен араб емес халықтардың арасында да тарады. Сондықтан да «арабша тілім келмейді»  деп намазда Құран немесе аяттарды оқымау яки болмаса оларды басқалардың көзінше оқуға ұялу орынсыз. Араб тілі біздің ана тіліміз болмауы себепті араб емес адамның тілінің ойдағыдай келмеуі – заңды құбылыс.

Ислам нормасына сәйкес, Құран оқыған адамға сауап жазылады. Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құранды нақышына келтіріп оқитын мұсылман кісі адамдардың амал дәптерін толтыратын әс-Сәфәрату әл-Кирам әл-Бәрара періштелерімен тең дәрежеде болады.

Ал Құран оқуға тілінің икемі келмегеніне қарамастан, шын ықыласымен ежіктеп болса да, оқыған адам екі бірдей сауапқа кенеледі», – деп айтты», – деген (Бұхари, Муслим). Бірақ адам «сауап жазылады екен» деп Құран оқуда немқұрайлы қарамау керек. Керісінше Құран оқуын жақсарту жолында талпынуы қажет.

Дереккөз: Kazislam.kz