Атырау: карантин жағдайында мешіттер қалай жұмыс істейді?

amin.kz/ 9 қыркүйек, 2020 жыл. Бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қала және аудан имамдарымен онлайн форматта жиналыс өткізді.

Онда мешіттерде карантин талаптарының қатаң сақталуы, маска кию тәртібінің қадағалануы қатаң тапсырылды.

“Індет жағдайында мешіттер санитарлық талаптарды қатаң сақтап отыруы тиіс. Және Құран оқыту, неке қию сынды рәсімдерде адамдардың топтанбауы қадалағалануы қажет.

Сонымен бірге, мешіттерге ішкі құжаттарын құқықтық тұрғыдан реттеуді тапсырамын” деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Қазіргі уақытта орталық “Иманғали” мешітіне заңгер маман қызметке алынды. Оның негізгі міндеті мешіттердің өзара құжат айналымын құқықтық тұрғыда реттеу. Сонымен бірге, демеушілер көмегімен “Иманғали” мешітінің балансына қызметтік көлік алынды.

“Бүгінгі таңда мешіттердің құжат мәселесі өзекті тұр. Заңгер қала, аудан, шалғай ауылдардағы құлшылық үйлеріне арнайы барып, осы мәселені реттеуге атсалысатын болады” деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.