Атырау мешіттерінде әзірге жұма намазы оқылмайды

Мұндай шешім елімізде, соның ішінде Атырау облысы аумағында коронавирус инфекциясының кеңінен тарауына байланысты қабылданып отыр.

«Атырау облысы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес, мешіттерде, жалпы, құлшылық үйлерінде жаппай діни рәсімдерге, жамағатпен намазға тыйым салынып отыр. Ондағы мақсат – адамның өмірін, денсаулығын сақтау. Денсаулық – адамға берілген аманат. Осы ретте әзірге мешіттерде жұма намазының оқылмайтындығын қаперге береміз» деп түсінік берді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Әзірге шектеулердің нақты қашанға дейін жалғасатыны белгісіз.

Еске сала кетелік, коронавирус инфекциясының таралу деңгейі бойынша Атырау облысы «қызыл аймақта». Соңғы тәулікте, яғни, 20 қаңтарда Атырау облысында коронавирус инфекциясы 568 адамнан анықталып отыр.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.