Қазіргі кезеңде діни қауіпсіздік мәселесі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөліктерінің біріне айналып отыр. Жаһандану үдерісі, ақпараттық технологиялардың дамуы және әлеуметтік желілердің кеңінен қолданылуы түрлі діни идеялардың мемле-кет шекарасынан тыс еркін таралуына мүмкіндік беруде. Бұл жағдай бір жағынан діни білім алуға жол ашса, екінші жағынан радикалды және экстремистік идеологиялардың таралу қаупін күшейтуде. Соның ішінде ислам атын жамылған тәкфиршілдік идеологиясы көптеген мемлекеттер сияқты Қазақстан үшін де елеулі қауіп төндіретін ағымдардың бірі. Аталған идеология қоғамдағы діни бірлікті бұзып қана қоймай, мемлекеттің конститу-циялық құрылымына, қоғамдық тұрақтылыққа және ұлттық қауіпсіздікке кері әсер етуде. Сондықтан тәкфиршілдіктің шығу тарихын, діни ерекшеліктерін, исламдағы орны мен Қазақстан қоғамына төндіретін қаупін жан-жақты зерделеу өзекті мәселелердің бірі.
Тәкфир сөзі араб тіліндегі «кәффара» түбірінен шығып, «жасыру», «мойындамау», «күпірлікке шығару» деген мағыналарды білдіреді. Ислам терминологиясында тәкфир деп мұсылман адамды діннен шықты немесе кәпір болды деп үкім шығару дегенді білдіреді. Исламда мұндай үкім шығару аса жауапты мәселе және ол тек нақты шариғи дәлелдер мен белгілі шарттар орындалған жағдайда ғана қарастырылады. Алайда радикалды ағымдар тәкфир ұғымын дәстүрлі исламдық түсініктен өзгеше сипатта қолданып, өздерінің идеологиялық ұстанымдарын бөліспейтін мұсылмандарды, мемлекеттік билік өкілдерін, ресми діни институттарды және қоғамның басым бөлігін кәпір деп тануға бейім келеді. Мұндай ұстаным исламның бірлік, татулық және мұсылмандар арасындағы бауыр-ластық қағидаларына қайшы келіп, діни алауыздық пен қоғамдық тұрақсыздықтың туын-дауына ықпал етіп жатыр.
Тәкфиршілдік идеясының тарихи тамыры ислам тарихындағы харижиттер қозғалы-сынан бастау алады. Олар хазірет Әлидің (р.а.) заманында үлкен күнә жасаған мұсылманды кәпір деп санап, өз пікірімен келіспеген мұсылмандарға қарсы қарулы көтерілістер ұйымдастырған. Кейін бұл көзқарас уақыт өте әртүрлі радикалды топтардың идеология-лық негізіне айналды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары тәкфиршілдік идеологиясы Мысырда қайтадан жандана бастады. 1965 жылы «Мұсылман бауырлар» ұйымының басшысы Сәйид Құтыптың өлім жазасына кесіліп, оның жақтастарының түрмеге қамалуынан кейін олардың бір бөлігі бұрынғыдан да радикалды көзқарасты ұстана бастады. Түрмеде қалыптасқан осы топтардың бірі кейін «әт-Тәкфир уәл-Хижра» ұйымы ретінде белгілі бола бастады. Бұл ұйым ислам қоғамынан бөлінуді, зайырлы мемлекеттерді күпірлік қоғам деп тануды және өз көзқарасын қабылдамаған мұсылмандарды кәпір деп жариялауды негізгі ұстанымына айналдырды. Кейіннен осы идеялар әртүрлі экстремистік ұйымдардың идеологиялық негіздерінің біріне айналып, Таяу Шығыс пен басқа да аймақ-тарда қарулы қақтығыстардың күшеюіне әсер етті.
Тәкфиршілердің негізгі ерекшелігі – мұсылмандарды оңайлықпен кәпірге шыға-ру. Олардың түсінігі бойынша үлкен күнә жасаған адам мұсылман болып қала алмайды. Сондай-ақ олар шариғатпен басқарылмайтын барлық мемлекеттерді «тағұт мемлекеті» деп санайды және ондай мемлекеттердің заңдарын мойындамайды. Өздерінің қатарына қосыл-маған адамдарды «адасқан», «кәпір» немесе «мүртәд» деп бағалап, қоғамнан оқшаулануға шақырады. Бұл ұстаным исламдағы кеңшілік пен орта жол қағидаларына толықтай қайшы келеді.
Құран Кәрімде күпірлік мәселесі нақты баяндалғанымен, мұсылмандардың бір-бірін оңай кәпірге шығаруына ешқандай рұқсат берілмейді. Алла Тағала: «Кімде-кім дінінен қайтып, кәпір күйінде өлсе, олардың амалдары дүниеде де, ақыретте де зая болады. Олар – тозақ тұрғындары әрі онда мәңгі қалады» («Бақара» сүресі, 217-аят), – дейді. Бұл аят адамның ақыреттегі жағдайына қатысты үкім болғанымен, адамдарға өз бетінше тәкфир жасау құқығын бермейді. Керісінше, исламда адамның иманы жөнінде үкім шығаруда өте сақ болу талап етіледі.
Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде де бұл мәселе ерекше ескертілген. Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте: «Кім өз бауырына: «Ей, кәпір!» десе, бұл сөз екеуінің біріне міндетті түрде қайтады» (әл-Бұхари, Мүслім), – делінген. Ал басқа бір хадисте: «Кім мұсылманды күпірлікпен айыптаса, оны өлтіргенмен тең», – деп баяндалған. Бұл хадистерден исламда мұсылманды дәлелсіз кәпір деп жариялаудың ауыр күнә екені анық көрінеді.
Ислам ғұламалары да тәкфир мәселесіне ерекше жауапкершілікпен қараған. Имам Әбу Ханифа күнәһар мұсылманды кәпір деп санауды харижиттердің белгісі деп көрсеткен. Оның пікірінше, күнә жасау адамды бірден исламнан шығармайды. Имам Шәукәни болса: «Қолында күндей анық дәлелі жоқ адамның мұсылманды діннен шықты деп айыптауы мүміннің сипаты емес», – деген. Бұл пікірлер әһлі сүннет ғалымдары-ның тәкфир мәселесінде әрдайым сақтық ұстанғанын көрсетеді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ар-ождан және діни сенім бостандығы заң жүзінде қамтамасыз етілді. Дегенмен осы кезеңде елімізге шетелдік діни ағымдар мен радикалды идеологиялар да ене бастады. Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілердің дамуы арқылы жастардың арасында әртүрлі экстремистік идеялардың таралуы күшейді. Діни сауаттың жеткіліксіздігі мен дәстүрлі діни танымнан алшақтық кей-бір азаматтардың радикалды топтардың ықпалына түсуіне себеп болды.
Тәкфиршілдік идеологиясының Қазақстан үшін ең басты қаупі – қоғамның ішкі бірлігіне нұқсан келтіруінде. Олар өздерінен басқа мұсылмандарды кәпір деп жариялап, халық арасында сенімсіздік пен алауыздық қалыптастырады. Бұл өз кезегінде діни келісімнің бұзылуына алып келеді. Қазақстан ғасырлар бойы Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебін ұстанып келген мемлекет. Сондықтан тәкфиршілдік идеологиясы халқымыздың тарихи діни танымына да қайшы келеді.
Екінші қауіп – мемлекеттік басқару жүйесін жоққа шығаруы. Тәкфиршілер зайырлы мемлекетті мойындамай, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді, сот жүйесін, құқық қорғау органдарын және мемлекеттік заңдарды күпірлік деп есептейді. Бұл көзқарас азаматтарды заңға бағынбауға, мемлекетке қарсы көзқарас қалыптастыруға итермелеуі мүмкін.
Үшінші қауіп – жастардың радикалдануы. Экстремистік ұйымдар көбіне діни сауаты жеткіліксіз жастарды әлеуметтік желілер арқылы өз қатарларына тартады. Оларға Құран мен хадистерді контекстен бөліп түсіндіріп, жалған «жиһад» идеясын насихаттайды. Нәтижесінде кейбір жастар Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс-тарға қатысып, өз өмірлерін ғана емес, мемлекет қауіпсіздігін де қатерге тікті. Бұл тәжірибе діни сауаттылықтың маңызын айқын көрсетті.
Төртінші қауіп – терроризмнің идеологиялық негізін қалыптастыру. Тәкфиршілер өздеріне қарсы шыққан кез келген адамды кәпір деп жариялап, оған қарсы күш қолдануды ақтауға тырысады. Мұндай түсінік көптеген террористік ұйымдардың идеологиялық негізіне айналып, бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндірді. Сондықтан тәкфиршілдік тек діни мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырылуы тиіс.
Қазақстан Республикасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. 2014 жылғы Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Ат-Тәкфир уәл-Хижра» халықаралық ұйымы экстремистік деп танылып, оның қызметіне Қазақстан аумағында тыйым салынды. Сонымен қатар ҚМДБ бұл ағымның ислам дініне қайшы екендігін түсіндіретін арнайы пәтуа қабылдады. Бұл шешімдер қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтауға бағытталған маңызды қадамдар болды.
Қазіргі таңда тәкфиршілдік идеологиясының таралуының алдын алуда құқықтық шаралармен қатар, ағартушылық жұмыстардың маңызы ерекше. Ең алдымен жастардың діни сауаттылығын арттыру қажет. Дәстүрлі ислам құндылықтарын, Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебінің ерекшеліктерін ғылыми негізде түсіндіру радикалды идеяларға қарсы тиімді рухани иммунитет қалыптастырады. Сонымен қатар мектептерде, жоғары оқу орындарында және бұқаралық ақпарат құралдарында діни сауаттылықты арттыруға бағытталған бағдарламаларды жүйелі түрде жүргізу қажет. Отбасы институтының тәрбиелік рөлін күшейту, дінтанушылар мен теологтардың халық-пен тұрақты жұмыс жүргізуі де радикализмнің алдын алуда маңызды орын алады.
Қорытынды
Тәкфиршілдік – ислам дінінің бейбітшілік, әділеттілік және бірлік қағидаларын бұрмалайтын радикалды идеология. Құран Кәрім, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері және әһлі сүннет ғалымдарының еңбектері мұсылманды дәлелсіз күпірлікпен айыптауға қатаң тыйым салған. Сондықтан тәкфиршілдік исламның дәстүрлі ұстанымына қайшы келеді. Қазақстан үшін бұл идеологияның қаупі тек діни алауыздықпен шектелмейді. Ол қоғамдық келісімге, ұлттық қауіпсіздікке, жастар тәрбиесіне және мемлекеттің тұрақты дамуына елеулі қауіп төндіруде. Осыған байланысты қоғамда дәстүрлі діни құндылықтарды нығайту, діни сауаттылықты арттыру және радикалды идеологиялардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жетілдіру еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының маңызды кепілі болып қала беремек.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы
