Ислам дінінің үкімі ең әуелі Құран мен сүннетке негізделеді. Ғұламалар ғасырлар бойы Құран мен сүннетті өзара біртұтас қайнар көз ретінде қарастырып, осы негізде құқықтық мектептер мен сенім жүйесін қалыптастыруда. Тарихқа үңілсек, Ислам деген даңғыл жолдың Құраннан кейінгі негізі Пайғамбарымыз (с.а.с) хадистері мен сүннеті аясында қаланғаны шындық. Ал осы даңғыл жолдың жолаушылары – мұсылмандарға хадис пен сүннеттің әсері өте зор.
Соған қарамастан, ислам тарихында дәстүрлі діни ұстанымдарды қайта қарастыруды мақсат еткен түрлі діни-идеологиялық бағыттар да пайда болып отыр. Дәстүрлі ислам түсінігіне қайшы келетін бағыттардың арасында құраншылар ерекше орын алуда.
Құраншылардың басты ерекшелігі – Құранды исламдағы жалғыз діни қайнар көз ретінде қабылдап, Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті мен хадистерінің құқықтық және діни дәлелдік маңызын жоққа шығаруы. Мұндай көзқарас дәстүрлі ислам ғылымында қабылданған қағидаларға сәйкес келмейді. Осы себепті құраншылық мәселесі қазіргі діни зерттеулердегі өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр.
Құраншылардың қалыптасу тарихы
Құраншылардың идеялық негіздері ислам тарихының алғашқы кезеңдерінде байқалғанымен, дербес қозғалыс ретінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Үндістан аумағында қалыптасты. Бұл кезең мұсылман әлемінде саяси, әлеуметтік және діни реформалар кеңінен талқыланған уақыт болатын.
Құраншылардың алғашқы жетекшілерінің бірі Абдулла Жакралауи. Ол «Ахл әл-Құран» қозғалысын құрып, исламдағы барлық үкімдер Құранда толық қамтылғандықтан, хадистерді діни дәлел ретінде қабылдаудың қажеті жоқ деген пікірді ұсынды. Кейін бұл идеяны Ғұлам Ахмад Паруиз жалғастырып, Құран жалпы қағидаларды ғана белгілейді, ал қоғамдық қатынастардың құқықтық жүйесін мемлекет қалыптастыруы тиіс деген көзқарасты насихаттады.
XX ғасырдың екінші жартысында бұл бағыт Мысырда Ахмед Субхи Мансур арқылы жаңа сипатқа ие болды. Әл-Азһар университетінде білім алған ол хадистердің құқықтық маңызын жоққа шығарып, исламды тек Құран арқылы түсіндіру қажеттігін дәріптеді. Оның көзқарастары дәстүрлі ислам ғалымдарының сынына ұшырап, кейін АҚШ-та өз қызметін жалғастырды.
Сондай-ақ Рашад Халифа негізін қалаған «United Submitters International» ұйымы да құраншылық идеяларын халықаралық деңгейде таратуға ықпал етті. Ол өзін ерекше діни миссия иесі ретінде таныстырып, исламдағы бірқатар дәстүрлі қағидаларды қайта түсіндіруге тырысты. Алайда оның пікірлері мұсылман әлемінің көптеген ғылыми орталықтары тарапынан қабылданбады. Осылайша құраншылық қозғалысының әртүрлі тармақтары болғанымен, олардың барлығын біріктіретін ортақ ұстаным – хадистер мен сүннеттің шариғаттағы дәлелдік күшін мойындамау. Құраншылық қозғалысының тармақтары әртүрлі болғанымен, олардың барлығына ортақ белгі – хадис пен сүннетті шариғаттың дербес дәлел көзі ретінде қабылдамауы.
Құраншылардың діни-идеологиялық ерекшеліктері
Құраншылар қозғалысының негізгі қағидасы – діни үкімдерді тек Құран негізінде қабылдауы. Олардың пікірінше, Құран барлық мәселелерді толық қамтығандықтан, сүннет пен хадистерге жүгінудің қажеттілігі жоқ. Дегенмен дәстүрлі ислам ғылымында Құран мен сүннет бір-бірін толықтыратын қайнар көздер ретінде қарастырылады. Құранда намаз оқу, зекет беру, қажылық жасау сияқты құлшылықтардың парыз екендігі айтылғанымен, олардың орындалу тәртібі Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті арқылы түсіндірілген. Сондықтан хадистерді толық жоққа шығару исламдағы көптеген ғибадаттардың практикалық орындалуына қатысты ортақ түсініктің бұзылуына алып келеді.
Құраншылар арасында намаздың уақыты, рәкат саны, азанның қажеттілігі және басқа да діни рәсімдер жөнінде бірыңғай пікірдің болмауы осының дәлелі. Кейбір топтар күніне үш уақыт намаз оқуды қолдаса, басқалары төрт немесе бес уақыт оқу қажет деп есептейді. Бұл құраншылық қозғалысының ішінде де ортақ діни жүйенің қалыптаспағанын көрсетеді.
Мысалы Құранда «Ей, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауда жасауды сол уақытта доғарыңдар» (Жұма сүресі 9 аят) деген аятымен мұсылдарға жұма намазы парыз екендігін білдірген, алайда бұл намаздың қалай оқылатынын баяндамаған. Пайғамбарымыз (с.а.с) 2 рәкат оқылатынын және құтба айтылуы тиіс екенін үйреткен.
Сонымен қатар құраншылар исламдағы мәзһабтарды, хадис ғылымын және ғасырлар бойы қалыптасқан фиқһ мұрасын міндетті діни негіз ретінде қабылдамайды. Олар әрбір мұсылман Құранды тікелей оқып, өз бетінше қорытынды жасауға құқылы деп санайды. Алайда ислам ғылымында Құран аяттарын түсіндіру араб тілі, тәпсір, хадис, фиқһ және басқа да көптеген ғылымдарды меңгеруді талап ететін күрделі ғылыми процесс ретінде қарастырылады.
Құраншылардың Қазақстандағы діни ахуалға ықпалы
Қазақстан мұсылмандары тарихи тұрғыдан «Ханафи» мәзһабы мен «Матуриди» сенім мектебін ұстануда. Бұл діни дәстүр қазақ халқының рухани мәдениетімен және тарихи тәжірибесімен сабақтасып қалыптасқан.
Құраншылар қозғалысының Қазақстандағы ықпалы шектеулі болғанымен, оның идеялары белгілі бір деңгейде қоғамда талқыланып келеді. Мұндай көзқарастардың таралуы ең алдымен дәстүрлі діни танымнан өзгеше түсініктердің қалыптасуына әсер етуі мүмкін.
Құраншылықтың негізгі ерекшелігі – ғасырлар бойы қалыптасқан ислам ғылымының әдістемесін қабылдамауы. Бұл өз кезегінде діни мәселелерді әркімнің жеке пайымына сүйеніп түсіндіру үрдісін күшейтеді. Нәтижесінде қоғамда бір мәселе жөнінде бірнеше қарама-қайшы пікірдің қалыптасуына жағдай туындайды. Мұндай жағдай діни бірізділіктің әлсіреуіне және мұсылман қауымы арасында көзқарас қайшылықтарының пайда болуына ықпал етеді.
Сонымен қатар қазақ халқының діни дүниетанымы ғасырлар бойы хадистермен, мәзһабтық құқықтық мектеппен және ислам ғұламаларының еңбектерімен тығыз байланыста. Сондықтан осы ғылыми мұраны толық жоққа шығару тарихи діни сабақтастықтың әлсіреуіне алып келуі ықтимал.
ҚМДБ мен көптеген исламтанушы ғалымдар құраншылықтың дәстүрлі ислам ұстанымдарына сәйкес келмейтіндігін атап көрсетіп келеді. Осыған байланысты халықтың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі ислам ғылымының әдістемесін түсіндіру және тарихи діни мұраны насихаттау маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы


