ТАРАЗ ТӨРІНДЕГІ ТАРИХИ ОРЫНДАРҒА САПАР

Қазақ жері – тарихы терең, рухани мұрасы бай өлке. Еліміздің әр аймағында халқымыздың өткені мен мәдениетін айшықтайтын қасиетті орындар аз емес. Солардың бірі – көне Тараз қаласындағы Қарахан, Айша бибі және Бабаджа қатын кесенелері. Жуырда осы тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап, тағылымға толы сапардың куәсі болдық.

Сапарымыз Тараз қаласының ең көрнекті тарихи орындарының бірі – Қарахан кесенесінен басталды. XI ғасырда бой көтерген бұл кесене Қарахан мемлекеті дәуіріндегі сәулет өнерінің озық үлгісі саналады. Ғасырлар бойы сақталып келе жатқан бұл тарихи мұра – халқымыздың мәдениеті мен өркениетінің айқын көрінісі. Кесенені аралау барысында өткен тарихымызға деген құрмет артып, ата-бабаларымыздың артында қалдырған мол мұрасының құндылығы тереңірек сезілді.

Одан кейін халқымыздың махаббат пен адалдықтың символына айналған Айша бибі кесенесіне бардық. Терракотамен өрілген әсем өрнектерімен ерекшеленетін бұл кесене – Орта Азиядағы теңдессіз сәулет ескерткіштерінің бірі. Ғасырлар өтсе де өзінің көркемдігін жоғалтпаған кесене қазақ даласындағы сәулет өнерінің биік деңгейін паш етеді.

Айша бибі кесенесінің жанында орналасқан Бабаджа қатын кесенесі де тарихи маңызы зор ескерткіштердің қатарында. Оның ерекше күмбезі мен сәулеттік шешімі ортағасырлық құрылыс өнерінің өзгеше қолтаңбасын көрсетеді. Бұл орындар халқымыздың рухани және мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады.

Ислам діні тарихи-мәдени мұраларды құрметтеуге, өткеннен тағылым алып, тарихты тануға үндейді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Жер бетінде жүріңдер де, бұрынғылардың соңы қалай болғанына қараңдар» («Рум» сүресі, 42-аят),

– деп, адам баласын тарихтан ғибрат алуға шақырады.

Мұндай тарихи орындарға сапар жасау – өткенді тану, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және мәдени мұраны келер ұрпаққа насихаттаудың бір көрінісі. Алайда мұсылман адам кесенелерді зиярат еткенде барлық құлшылықтың тек Алла Тағалаға ғана арналатынын ұмытпауы тиіс. Кесенелерге барудағы мақсат – тарихпен танысу, ғибрат алу және дүниеден өткен жандарға Алладан рақым тілеу. Исламда дұға мен тілек тек бір Аллаға ғана жасалады.

Тараздағы тарихи кесенелерге жасаған бұл сапар рухани әсерге толы болды. Әрбір тарихи ескерткіш халқымыздың сан ғасырлық шежіресінен сыр шертіп, ұлттық тарихымызды тереңірек тануға мүмкіндік береді. Осындай киелі мекендерді аралау – өткенді құрметтеп, бүгінді бағалап, болашақ ұрпаққа тарихи сананы қалыптастыруға қызмет ететін игі іс.

Тарихын таныған халықтың рухы биік, ал рухани мұрасын қастерлеген елдің болашағы баянды болмақ.