«Иманғали» орталық мешітінде жұма намазынан бұрын Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жамағатқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Республикалық ақпараттық-насихат тобының және Ғұламалар кеңесінің мүшесі Арман Қуанышбаевты арнайы таныстырды.
Одан кейін Арман Қуанышбаев жамағатқа «Намаздың діндегі орны» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат айтты.
Насихат барысында намаздың Ислам дініндегі ең ұлық әрі маңызды құлшылықтардың бірі екендігі, оның мұсылман өміріндегі орны мен тәрбиелік мәні кеңінен баяндалды. Сондай-ақ бес уақыт намаздың адамның жүрегін тазартып, рухын кемелдендіретіні, жаман істерден тыятыны және жауапкершілік пен тәртіпке тәрбиелейтіні жөнінде әсерлі ойлар айтылды.
Сонымен қатар РАНТ мүшесі намаздың тек жеке адамның құлшылығы ғана емес, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға, ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал ететін ұлы ғибадат екенін атап өтті. Ол жамағатты намазды уақытында әрі ықыласпен орындауға, діни білімді сенімді дереккөздерден алуға шақырды.









