«Атырау» телеарнасындағы «Қоғам сөзі» бағдарламасында «Дәстүр мен той мәдениеті» тақырыбында өзекті мәселе кеңінен сөз болды.
Бағдарлама барысында қоғамда белең алып бара жатқан ысырапшылдық, көзбояушылық, даңғойлық, сондай-ақ той өткізудегі шектен шығу үрдістері талқыланып, оның отбасы мен қоғамға тигізетін әсері сараланды.
Аталған сұхбатқа Иманғали орталық мешітінің наиб имамы Мағжан Игенбайұлы қатысып, ислам дінінің ысырапқа, мақтаншылық пен дарақылыққа жол бермейтінін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық дәстүрдің түпкі мәні – береке, қарапайымдылық және ағайын арасындағы сыйластық екенін айтып, тойдың тәрбиелік маңызына тоқталды.
Бағдарлама барысында ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып, той мәдениетін ізгілік пен жауапкершілік қағидаттарына негіздеу, артық шығын мен бәсекелестіктен арылу қажеттігі жөнінде келелі пікірлер айтылды. Сонымен қатар, қоғамда тойдың сән-салтанатымен емес, оның мазмұны мен тәрбиелік құндылығымен ерекшеленуі керектігі ерекше атап өтілді.
