Атырау мешіттерінде көшпелі уағыз жалғасуда

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының тапсырмасымен, облыс, қала, аудан, ауылдық елдімекендер мешіттерінде белгілі ұстаз-ғалымдардың көшпелі дәрісі жалғасуда.

Осындай уағыз-насихат дәрісі Атырау қаласы маңындағы Тасқала ауылына қарасты «Мәулімберген» мешітінде өтті.

Облыс аумағына белгілі ұстаз Бейбітбек Ғұмаров қоғам бірлігі, жастық шақты тиімді пайдалану тақырыптарында уағыз айтып, жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

«Жастық шақ – адамның ең керемет уақыты. Бұл кезде адамның бойында күш-қуат, энергия, жаңаны білуге, меңгеруге деген ынтызарлық көп болады. Жастық шақты адам өзін жеке тұлға ретінде дамытуға, білім алуға жұмсауы керек. Білім алумен бірге адам физикалық тұрғыда да өзін шынықтыруды, яғни, спортпен шұғылдануды жанына серік еткен абзал.

Егер адам діни білімін қоса арттырып, Алланы, Құранды тануға амал ететін болса, ондай адам кемелдікке жол бастайды. Кемел мұсылман деген уақытта біздерге Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) үлгі болуы керек» деп атап өтті ұстаз Бейбітбек Ғұмаров.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.