Атырау мешіттерінде Қостанай халқына гуманитарлық көмек жинау басталды

Қазіргі уақытта гуманитарлық көмек “Иманғали” орталық мешітінде, “Атырау” селолық мешітінде және Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітте, сонымен бірге Жылыой аудандық орталық мешітінде жиналуда.

Атырау облыстық “Иманғали” мешітінің Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, Қостанайға жылуды жеткізуге жүк көліктері әзір тұр. Және жылу жинау облыс бойынша барлық аудандық орталық мешіттерде басталды.

“Қостанайға екелген қиындық барша мұсылман үшін сынақ. Осындайда бірлігімізді көрсетіп, қостанайлықтарға демеу болу маңызды” дейді Алтынбек Ұтысханұлы.

Қосымша сұрақтар бойынша 87025001655 нөміріне қоңырау шалуға болады.

Мешіттермен бірге, қазіргі уақытта Атырау облысында бірегей қозғалыс басталды. Қазіргі уақытта көмек облыс орталығындағы “Amanat” партиясының облыстық ғимаратында және Әбілхайыр хан даңғылында орналасқан Көрме залында жиналып жатыр.

Еске сала кетелік, Қостанай облысында 2 қыркүйекте Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде орманда өрт шығып, жайыла бастады. Кейін өрт аумағы ұлғайып, жақын маңдағы бірнеше елді мекенді өрт шалды. 1,8 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Атап айтқанда, Озерное (250 адам), Аманқарағай (1000 адам), Калинино (228 адам), Лесное ауылынан 363 адам көшірілді. Төтенше жағдай министрлігі өрт сөндіруге 36 градус ыстық пен жел кері әсерін тигізіп жатқанын айтуда.

Осыдан бір сағат бұрын Қостанай облысының Әулиекөл ауданында өрт шыққаны хабарланды.



Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.