Атырау облысында мешіт жамағаттарына 5000-ға жуық кітап таратылды (+ ФОТО)

Бүгін Атыраудағы орталық мешіттен бастап, барлық қалалық, аудандық және ауылдық елдімекендердегі мешіттерде бесін намазына келген жамағатқа бір мезетте «Исламдағы таңдаулы 100 сұрақ» кітапшасы таратылды.

Қасиетті Мәуліт айының құрметіне фиқһ, сира, сахабалар өмірбаяны жинақталған кітапшалар барлық келушіге санитарлық талаптарды сақтай отырып үлестірілді.

«Екінші қарашадан бастап, еліміздегі барлық мешіттерде бес уақыт намаз жамағатпен оқылып жатыр. Дегенмен, пандемияға байланысты, намаз алдында уағыздар айтылып жатқан жоқ. Қазіргі таңда уағыздар онлайн форматқа көшірілді. Біз бүгін облыс бойынша барлық мешіттерде бір мезгілде жамағатқа кітапшалар үлестіре отырып, орын алып жатқан жағдайларды сабырмен қабылдап жатқан жамағатқа ризашылығымызды жеткіздік» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.