Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Көрісу күнімен» құттықтады

14 наурыз – Көрісу күні. Атаулы мерекемен жұртшылықты Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы құттықтады.

Назарларыңызға құттықтаудың толық мәтінін ұсынып отырмыз.

«Көрісу – бауырмалдылықты арттыратын, адам мен адамды бауырластыратын ғажап мереке. Бұл күні ата-бабаларымыз қыстан аман шыққандарына шүкіршілік етіп, ой мен қырды аралап, алыс-жақындағы ағайындарына көрісе барған.

Жастар жағы үлкендерден бата алу ниетімен көрісуге асыққан. Бұл «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» деген Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінің көрінісі.

Көрісу күнін – ғарышпен, табиғатпен астасқан мереке десек те болады. Бұған дейін еліміздің Батыс өңірінде сақталып келген көрісу дәстүрі бүгінде тұтас халықтық сипат алып келеді. Көрісу күнін «Амал мерекесі» деп те атайды.

Ұлық мереке – Әз Наурыздың бастауы «Көрісу күні» ынтымағымызды, берекемізді арттыра түскей!

Ислам – бауырмалдықты, татулықты насихаттайтын дін. Ағайынмен, туыспен, айналамен жақсы мәміледе болу – исламның бұйрығы.

Шариғат бойынша мұсылман баласына таныса да, танымаса да кездескен адамға сәлем беру Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бері келе жатқан үрдіс яғни сүннет амал. Және амандасқанда бірінші болып амандасуға асыққан дұрыс. Себебі мына бір хадисте «Расында, адамдардың ішінде Алла Тағалаға ең жақыны – басқаларға бірінші болып сәлемдескені» деген (Имам  Әбу Дәуіт).  Ендеше, бірінші болып сәлем беру сүннет болса, оны алуға асығу уәжіп.

Жатты жақын ететін, береке мен ізгілік бастауы – Көрісу күні құтты болсын!» делінген құттықтауда.