Маңғыстаулық имамдар Атыраудағы тәжірибе алмасу туралы пікірлерін айтты (+ ВИДЕО)

Маңғыстаулық діни делегация сапалы тәжірибе алаңын қалыптастырған Атырау облысына алғыс айтты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен өзара тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты арттыру мақсатында Атырауға Маңғыстау облысынан діни делегация келген болатын.

«Қызметтен бөлек, мұсылманшылықта да етене араласу бізге қазіргі таңда ауадай қажет. Сапар өте өзекті. Алла қаласа, Маңғыстау өңірінде де осындай жаңа бағыттағы дүниелерді іске асырамыз деген жоспарымыз бар» дейді Маңғыстау облысының Бас имамы Әнуар Елжанов.

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Айдос Муталиев Атырауда атқарылып жатқан ақпарат, насихат, ихсан, қайырымдылық бағытындағы жаңашыл жұмыстарды оң бағалады.

«Біраз дүниелер Маңғыстау өңірінде әлі де болса жасалмаған екен. Атыраудан жинақтаған тәжірибені өз өлкемізде кеңінен тарататын боламыз. Мысалы, Атырауда ақпараттық салаға, әлеуметтік желілерге, колл орталықтарға арнайы мамандар бекітіліп, жұмыс жоспары жасақталған. Мұндай кешенді жұмыс сапа мен нәтижеге алып келеді» дейді Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Айдос Муталиев.

Еске сала кетелік, Маңғыстау облысының Бас имамы Әнуар Елжанов бастаған делегация құрамында Ақтау қаласы және аудан имамдары, барлығы 11 дін маманы болды.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.