Атырауда маңғыстаулық діни делегацияның тәжірибе алмасу сапары қорытындыланды (+ ФОТО, + ВИДЕО)

Атырау облысына екі күндік сапарды Маңғыстау облысынан келген имамдар орталық «Иманғали» мешітінде өткен тәжірибе алмасу семинарымен қорытындылады.

Семинар барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен бекітілген жеті негізгі жұмыс бағыты бойынша Атырау мешіттерінде атқарылып жатқан іс-шаралардың ақпараты берілді.

Мәселен, жергілікті өнім өндірушілер арасында ҚМДБ-ның халал стандарт сертификатын иемденуге қызығушылық танытушылар жетерлік.

“Халал Даму” мекемесінің аймақтық өкілі Қайрат Аманжолұлының айтуынша, өткен жылы Атырау облысында 12 кәсіпорын халал сертификатын алды. Бұл үрдіс биыл да сәтті жалғасын табуда.

“Халал сертификатын алудың өзіндік тәртібі бар. Ол үшін кәсіпкер «Халал Даму» ЖШС директорының атына өтінішін, заңды құжаттары мен өнім үлгілерін (проба) жолдайды. Тараптар арасында «Халал» өнім өндіру және қызмет көрсету бойынша консалтинг өткізу туралы келісім шарт жасалады. Кәсіпорынның құжаттары бекітіледі, сертификаттау тәсілі анықталады. Және сертификат алған мекемелердің жұмысы ұдайы бақылауда болады» деп атап өтті спикер Қайрат Аманжолұлы.

Сондай ақ, жиын барысында имамдар ихсан ілімі, оқу-ағарту, уағыз-насихат, ақпарат және қоғамдық жұмыс, жат ағыммен күрес, қайырымдылық, пәтуа бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша өзара тәжірибе алмасты.

Айталық, ақпараттық-насихат жұмысы бағытында Атырау мешіттерінде жаңашылдықтар бар.

Мәселен, жыл басында Атырауда республика өңірлерінде тұңғыш рет «Халық арна» каналының филиалы ашылды. amin.kz медиа орталығы жұмыс істеуде.

Сонымен қатар, облыстық, қалалық, аудан және ауыл мешіттері әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, виртуалды аудиториямен арада байланыс күшеюде.

Уағыз – насихаттар мешіт ішіндегі ауқымды кеңейтті. Қазіргі таңда интернет кеңістікте діни контент қалыптасуда. Имамдар, ұстаздар желілерде тікелей эфирлерге шығып, оқырман сауалдарына жауап беруде. Бұдан бөлек, түрлі тақырыпта видео контенттер жүктелуде.

Семинар соңында маңғыстаулық делегация сапалы тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыра алғаны үшін, атыраулық әріптестеріне алғыс айтты.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.