Атырау облысының бас имамы жастармен кездесті

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жастармен кездесті.

Кездесу барысында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы «Білім. Тәрбие. Әдеп» тақырыптарында насихат айтты.

Ата-бабаларымыз да мақал-мәтелдерде: «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп», «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл», «Білегі күшті бірді жығады, білімі күшті мыңды жығады», – деп білім алудың артықшылықтары жөнінде өте көп айтқан.

Білім алуға ықылас қойып, оған амал етуді көздеген адам әрдайым ізденісте болуы қажет.

Мұзафар Әлімбаев: «Білім – қымбат қазына, қанағат тұтпа азына», – деп айтқанындай, адам баласы алған білімін қанағат тұтып тоқтап қалмай, өмірбақи ізденіп, даму үстінде болуы қажет. Сол себепті де бұрынғы өткен даналардан: «Екі адам тоймайды. Бірі – дүние іздеген адам, ал екіншісі – білім іздеген адам», – деген сөз қалған» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.