АТЫРАУ: Зиялы қауым өкілдері «Халық арна» туралы қандай пікірде екендерін айтты (+ ВИДЕО)

Күні кеше Атырауда жұмысын бастаған «Халық арна» каналының облыстық филиалы енді отандық телевизия саласын рухани, діни, мәдени бағыттағы контентпен толықтыратын болады.

Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов дін мәселесінде жаһандану дәуірінде шұғыл әрі шынайы ақпарат көзіне айналудың маңызды екенін айтады.

«Халық» арнаның филиалы лайым ізгіліктің, жақсылықтың жаршысы болуы тиіс. Канал рухани құндылықтар алаңына айнала алса, мақсаттың орындалғаны» дейді ол.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы басты мақсат – елдің тыныштығы, халықтың бірлігі жолында еңбек ету екенін атап өтті.

«Каналдың алдында үлкенге құрмет, кішіге ізет, Алланың алдындағы құлшылықтың маңызы, адам баласының өмірдегі орны, миссиясы, отбасылық мәселе, бала тәрбиесі, салт – дәстүр, ғұрып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау міндеті тұр» деді Алтынбек Ұтысханұлы.

«Халық үні естіліп отыруы тиіс». «Атырау» арнасының директоры Қанат Әуесбай осындай пікірде.

«Халықтың көкейіндегісін дөп басып, үнемі халыққа қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге тырысу қажет» дейді ол.

Филиал студиясы төрт блоктан тұрады. Арнайы жасақталған студиялар телевизиялық хабарлар, рухани сұхбаттар, түрлі форматтағы түсірілімдер жасауға мүмкіндік береді. Телевизия саласына қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген студия осылайша облыстағы рухани, діни жаңалықтар туралы хабарларды республика көлемінде таратуға мүмкіндік беріп отыр.

Еске сала кетейік, былтыр ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында мүфтият жанынан «Халық арна» телеарнасы ашылған болатын. Бүгінгі таңда телеарна «Отау ТВ», «IdTV» кабельдік желілері арқылы хабар таратып келеді.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.