Атырауда Құранға түскен әйел жамағатына құрмет көрсетілді. Сұлтан Бейбарыс мешітінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты кешке Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қатысып, жамағатты құттықтады.
Құранды тәжуид ережесі арқылы оқып, жаттауға ден қойған шәкірттерге Бас имам сәттілік тіледі.
«Құран жүрекке иманды орнатып, Алламен болатын байланыс арқылы нәпсіні тазалайды. «Әнфал» сүресінің 2-аятында: «Нағыз мүміндер – Алла еске алынса, жүректері қобалжитын, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артып, Раббыларына тәуекел қылатын (жандар)», – делінген. Құран жүрекке байсалдылық пен саламаттылықты орнатады. Сондықтан, оны жамандықтар мен бүліктердің құйынды желдері теңселте қоймайды. Құран адамды бақытты етеді» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетсек, Сұлтан Бейбарыс мешіті жанынан ерлер және әйел жамағатына арналған Сауат ашу курстары өтуде.
Мұнда әйел жамағатына Қатеп Миланбекқызы сабақ беруде.
Салтанатты шараға жалпы саны 320 адам қатысты.