Атырауда Алтынбек Ұтысханұлы ата-аналармен кездесті

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы облыс орталығындағы №9 мектепте ата-аналармен кездесіп, бала тәрбиесіндегі исламның ролі тақырыбында насихат айтты.

«Парасатты, ізгі тәрбие және тәрбиенің кемелдігі неден басталмақ? Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы демек – жас кезінен анаша, есірткі, сыра, арақ, темекі, зинақорлық секілді теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы. Әдепті болу, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне, мұндай ұрпақ – Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші.

Ақиқатында, балаға берілетін тәрбиенің ең бастысы – имандылық тәрбиесі. Өйткені бұл ата-ананың баласының алдындағы ең алғашқы міндеті. Жаратқан Иесі жайлы танымды үйрету, шынайы мұсылман болып өсуіне жағдай жасау басты мақсат» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы. 

Еске сала кетелік, кездесу Атырау облысы дін істері басқармасының қолдауымен өтті.