Мұсылманның мұсылман алдындағы ақысы

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 «Мұсылманның мұсылманға деген бес ақысы бар: Сәлем берсе қайтару, ауырса халін сұрау, жаназасына қатысу, шақырса бару, тушкірсе жақсылық тілеу», – деген (имам Бұхари)

Ал имам Мүслимнің риуаятында мұсылманның мұсылман алдындағы алты ақысы бар екендігі айтылған. Олар:

«Мұсылманның мұсылман алдында алты ақсы бар: егер кездестірсең сәлем бер, егер шақырған болса бар, егер насихат сұраса насихат айт, егер түшкіріп Алла Тағалаға мақтау айтса, оған жақсылық тіле, егер ауырып қалса, халін сұрап бар, егер қайтыс болса, соңғы сапарға шығарып сал» (имам Мүслим).

Енді осы хадисте қамтылған мұсылмандық ақыларға жеке-жеке тоқтайық:

Бірінші: Сәлемдесу

Сәлем беру – сүннет, ал оған жауап беру – уәжіп болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 86-аятында:

وَإِذَا حُيِّيتُمْ بِتَحِيَّةٍ فَحَيُّوا بِأَحْسَنَ مِنْهَا أَوْ رُدُّوهَا

«Қашан сендерге сәлем берілсе, онда (сәлемді) одан да көркемірек не соның өзіндей етіп қайтарыңдар», – деп айтқан.  Демек, Алла Тағаланың бұл аяттағы бұйрығына сай, сәлемге жауап қайтарушы адам, сәлем берушіден де артық әрі көркем түрде жауап беруі тиіс.

Екінші: Сырқаттанса жағдайын біліп, халін сұрау

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 «Бауырының халін таңертең сұрап барған кез келген мұсылман үшін жетпіс мың періште кешке дейін Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды. Ал егер бауырының көңілін кешке сұрап барса, онда жетпіс мың періште таң атқанша Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды және оған жәннатта жемістер дайындалады», – деген (имам Тирмизи).

Шариғатта науқас адамның жағдайын сұрауға арнайы уақыт белгіленбеген. Бірақ сырқаттанған адамға ыңғайлы уақытты таңдап барған жөн. Барудағы мақсат – ауру адамның көңілін аулау, оған қиындық туғызбау болғандықтан науқастың ұйықтап демалатын, дәрет алатын, ем қабылдайтын уақыттарында немесе тым ерте, тым кеш уақыттарда бармаған жөн.

 Үшінші: Шақырған болса, шақыруына жауап беру

Оған ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисін дәлел ретінде келтірген:

 «Астың ең жаманы – кедейлерді тастап, тек ауқатты адамдар шақырылған тойдағы ас. Ал кім шақырылған жерге бармайтын болса, Алла Тағалаға және оның Елшісіне қарсы келген болады» (имам Бұхари, Мүслим).

Төртінші: Түшкірсе жақсылық тілеу

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді:

إذَا عَطَسَ أَحَدُكُمْ فَلْيَقُلْ: الْحَمْدُ لِلَّهِ وَلْيَقُلْ لَهُ أَخُوهُ أَوْ صَاحِبُهُ: يَرْحَمُك اللَّهُ. فَإِذَا قَالَ لَهُ: يَرْحَمُك اللَّهُ فَلْيَقُلْ: يَهْدِيكُمُ اللَّهُ وَيُصْلِحُ بَالَكُمْ

«Сендерден кім түшкірсе: «Аллаға мадақ болсын!» – деп Аллаға мақтаулар айтсын, ал оның бауыры оған: «Алла сені мейіріміне бөлесін!» – десін. Ал егер оған: «Алла сені мейіріміне бөлесін» деп айтса, оған түшкіруші жауап ретінде: «Алла сені туралыққа бастап, ісіңді оңдасын!»  – десін», – деген (имам Бұхари, имам Мүслим). 

Бесінші Дүниеден өтсе жаназасына қатысу

Алла Тағала қасиетті Құранның «Ғанкабут» сүресі, 57-аятында:

كُلُّ نَفْسٍ ذَائِقَةُ الْمَوْتِ ثُمَّ إِلَيْنَا تُرْجَعُونَ

«Әрбір жан өлімнің дәмін татады, кейін бізге қайтарылады», – деп айтқан.

Әбу Һұрайра риуаят еткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ شَهِدَ الْجَنَازَةَ حَتَّى يُصَلَّى عَلَيْهَا فَلَهُ قِيرَاطٌ ، وَمَنْ شَهِدَهَا حَتَّى تُدْفَنَ فَلَهُ قِيرَاطَانِ. قِيلَ: وَمَا الْقِيرَاطَانِ؟ قَالَ: مِثْلُ الْجَبَلَيْنِ الْعَظِيمَيْنِ

«Кімде-кім жаназаға қатысып (жаназа) намазын оқитын болса, оған бір  қират сауап бар.  Кімде-кім жерленуіне қатысса екі қират сауап бар», – деген. Адамдар: «Екі қират деген не?» – деп сұрақ қойды. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі үлкен таудай сауап», – деп жауап берген (имам Бұхари, Мүслим).

Алтыншы: Насихат сұраса насихат айту

Насихат сұраған мұсылман бауырына насихат айту да – мұсылмандық ақылардың бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты  мен сәлемі болсын):

إِذَا اسْتَنْصَحَ أَحَدُكُم أَخَاهُ، فَلْيَنْصَحْ لَهُ

«Егер біреуіңнің  (мұсылман) бауыры насихат сұраса насихат айтсын», – деген (имам Бұхари).

Махсат Қайратұлы,

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы