Бес нәрсе келместен бұрын бір нәрсені ойлан

Бірінші: Кәрілік жетпей тұрып, жастық шақтың қадірін білу

Жастық шақ – қайтып келмейтін көктем, ағысы өзгермейтін өзен, сондай-ақ, аспанда тек бір рет қана жарқ етіп көрінетін жұлдыз. Көктемдегі жас топыраққа егін егіп үлгермесек, күзде мол өнім күтуге болмайтындығы сияқты, жастық шақты пайдалы іспен өткізбеген адамның қартайғанда оның жемісін көруі екіталай. Алла Тағала қасиетті Құранның «Рум» сүресі 54-аятында:

اللَّهُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن ضَعْفٍ ثُمَّ جَعَلَ مِنْ بَعْدِ ضَعْفٍ قُوَّةً ثُمَّ جَعَلَ مِنْ بَعْدِ قُوَّةٍ ضَعْفًا وَشَيْبَةً

«Алла сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады. Кейін ол әлсіздіктен соң  (буындарыңды бекітіп) күш-қуат береді. Содан кейін күш-қуатыңды кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады», – деп жастық шақты екі әлсіздік ортасындағы адам бойына күш-қуат бітетін уақыт екендігін айтқан. Адамның негізгі өмірі  – осы орта кезеңді қамтиды. Сол себепті көбірек сұралатын өмір кезеңі де осы екі әлсіздіктің ортасындағы – қуатты кезең.

Екінші: Ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін білу

Жоғарыдағы хадисте айтылған, адам баласы қадірлеп, бағалауы керекті болған нығмет – денсалуық. Халқымызда: «Денсаулық – зор байлық», «Бірінші байлық – денсаулық», «Байлық – байлық емес, денсаулық – байлық» деген нақыл сөздер өте көп. Бұл айтылған сөздерден ата-бабаларымыздың денсаулықты қаншалықты жоғары бағалағандығын, тіпті оны негізгі байлық деп танығанындығын түсінеміз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

نِعْمَتَانِ مَغْبُونٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ: الصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ

«Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген (имам Бұхари).

Үшінші: Кедейлікке ұшырамай тұрып байлықтың қадірін білу

Кедейлік сынақ болғандығы сияқты, байлық та адам баласына берілген сынақ. Адам баласы қолына байлық тигенде такаппарланып, өзгелерден өзін жоғары санау, сараңдық қылу сияқты істерден барынша сақтануы қажет. Мұсылман адам бай болатын болса, сол байлықты берген Жаратушысына шүкір етіп, шамасы келгенше қолында барымен жақындарына, мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, көмектесуге тырысады. Әйтеке би бабамыз:

Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін,

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, – деп, байлық арқылы өзгелерге пайда тигізуді көздеу керектігін айтқан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 92-аятында:

لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّى تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ

«Сендер сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар», – деп айтқан.

Төртінші: Өтіп кетпей тұрғанда бос уақыттың қадірін білу

Уақыт – Алла Тағаланың  адамзатқа берген үлкен нығметі. Өміріміз уақыттан тұратынын ескерсек, адам баласы өзінің әр сәтін босқа жібермей, пайдалы етіп өткізуінің маңызы зор екендігін ұғынады. Имам Шафиғи (Алла ол кісіні рақымына алсын): «Уақыт бейне бір жүзі лыпылдаған өткір қылыш секілді, егер оны дұрыс қолданбасаң, өзіңді кесіп түседі», – деген.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Муминун» сүресі, 99-аятында адам баласы дүниеден өтер алдында уақытты жақсылық амалдарсыз текке өткізіп алғандығына өкініп:

حَتَّى إِذَا جَاءَ أَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ رَبِّ ارْجِعُونِ لَعَلِّي أَعْمَلُ صَالِحاً فِيمَا تَرَكْتُ

«Олардың біріне өлім келе қалса: «Раббым (дүниеге) қайтара көр! Бәлкім мен қалдырған дүниемде жақсылық амалдар істермін!» – дейді», – деп айтқан.

Бесінші: Ақтық сәт келмей тұрып өмірдің қадірін білу

Өмір – адам баласына берілген үлкен сый. Бір мәрте ғана берілетін ғұмырды адам баласы бағалап, жақсылықпен өткізуге тырысуы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресі, 2-аятында:

 الَّذِي خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيَاةَ لِيَبْلُوَكُمْ أَيُّكُمْ أَحْسَنُ عَمَلًا وَهُوَ الْعَزِيزُ الْغَفُورُ

«Ол Алла қайсыбірің жақсы іс істейтіндеріңді сынау үшін өлім мен өмірді жаратты. Ол – аса үстем, өте кешірімді», – деп айтқан.

Махсат Қайратұлы,

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы.