Атырауда «Аналарға мың алғыс» атты рухани шара өтті (+ ФОТО)

Атырауда «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді» тербеткен аналарға үлкен құрмет көрсетілді.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы аналарды гүл көктемнің келуімен құттықтады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігінің қолдауымен «Иман» мешітінде өткен ауқымды іс-шараға «Әжелер мектебі», «Әйел-қыздар» секторы бойынша барлығы 70-ке жуық аналар, әжелер қатысты.

«Ана – ардақты есім. Дүниеде Ұлы Жаратушыны қоспағанда ананың мейірімнен асатын мейірім жоқ деуге болады. Сондықтан, ананың орны әрқашан бір бөлек.

Ананың мейірімі жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейірім алып жүрген барша адамзат аналарды мәңгі ардақтап, аялай білсе, бұдан асқан бақыт жоқ шығар. Сіздер бүгінгі жас ұрпақтың, қоғамның тәрбиесінде үлкен роль атқарып жүрсіздер. Сіздерге үлкен құрметімізді білдіреміз» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Шара аясында аналарға гүл шоқтары таратылып, тағылымды рухани сұхбат құрылды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.