АТЫРАУДА «АТАЛАР МЕКТЕБІ» ӨКІЛДЕРІНІҢ БАСҚОСУЫ ӨТТІ

Атырауда «Аталар мектебі» өкілдерінің басқосу жиыны өтті. Жиын “Ислам және адал қоғам” жылы аясында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының тапсырмасымен Анашым мешітінде ұйымдастырылды.

Кездесуге ҚМДБ жанындағы «Дәстүр және отбасы» бағыты бойынша жауапты маман, Иманғали орталық мешіті наиб имамы Мағжан Игенбайұлы қатысып, тағылымды ойларымен бөлісті. Ол өз сөзінде отбасы құндылықтарын нығайту, ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің рөлі және ұлттық дәстүрдің маңыздылығына тоқтала келе, «Аталар мектебінің» қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, жастарға бағыт-бағдар берудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, мешіттермен және имамдармен тығыз байланыста жұмыс жүргізудің қажеттігіне ерекше назар аударды.

Сондай-ақ, жиында Анашым мешіті имамы Айдын Талғатұлы сөз сөйлеп, қоғамдағы бірлік пен рухани тәрбиенің орнына назар аударды.

Басқосу барысында ҚМДБ Ақсақалдар кеңесі мүшесі, заңгер Абат Шәкірұлы да пікір білдіріп, отбасылық институтты сақтау мен жастарға дұрыс бағыт беру мәселелерін қозғады.

Жиын барысында ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары, әке тәрбиесі мен қоғамдағы үлкендердің өнегесі кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, «Аталар мектебі» аясында атқарылатын жұмыстар мен алдағы жоспарлар пысықталды.

Жиын соңында аталар жас сәбидің тұсауын кесіп, ақ баталарын берді. Бұдан кейін арнайы дастархан жайылып, дін мен дәстүр, руханиятқа қатысты сауалдар қойылып, қатысушыларға сыйлықтар үлестірілді.

Мұндай кездесулердің мақсаты — ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасылық тәрбиені күшейту және ұрпақ сабақтастығын нығайту болып табылады