Атырауда «Azan» интернет-радиосы ашылды

Атырауда орталық «Иманғали» мешіті жанынан діни, рухани-танымдық бағыттағы «Azan» интернет – радиосы жұмысын бастады.

Aтырау облыстық дін істері басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында ашылған радио ҚМДБ Атырау облысы өкілдігімен бірлесе жұмыс жасайды.

Радионың арнайы ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы және ҚМДБ сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Евфратұлы, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.

Шараны ашқан ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы асыл дініміздің құндылықтарын насихаттап, қоғамға пайдалы ақпараттармен насихаттауда радионың орны зор екенін атап өтті.

«Адамға насихат ең бірінші құлақпен есту арқылы жетеді. Сол себепті жаңа істеріңіз берекелі болсын,-деп батасын берді.

Атырау облысы дін істері басқармасының бас маманы Қаһарман Рахметұлы дін саласындағы өзекті мәселерді имамдарымыз бен бірлесе отырып шешуде жаңа жобалар жалғасатынын айтты.

ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы радионың алғашқы қонағы ретінде сұхбат берді.