Бүгін Атырауда облыстық «Иманғали» мешіті жанындағы «Әжелер мектебі» «Әжелер академиясы» болып қайта құрылды.
Сәйкесінше, «Әжелер академиясының» атқаратын функционалдық міндеттерінің ауқымы кеңейді. Әжелер мешіт ішіндегі рухани шаралармен қатар, қоғамдық тәрбие, отбасы институтын нығайту сынды шараларға да атсалысатын болады.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, әжелер орталық «Иманғали» мешітінде Наурыз мерекесін шағын құрамда атап өтті. Мерекелік шараға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, ақ жаулықты аналарды әз Наурыз мерекесімен құттықтады.
«Наурыз – сан ғасырлық тарихы бар жылулық мерекесі. Табиғат жаңарып, қыстың тоңы жібіп, тіршілік қайта түлейтін мерекенің тәрбиелік мәні тереңде жатыр. Береке мен бірліктің, молшылықтың, ырыс пен ынтымақтың символы саналатын Наурыз асыл дініміз насихаттайтын татулықпен астасқан мереке» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Шара аясында әжелер құрметіне ақ дастархан жайылып, ұлттық өнерге арналған көрме ұйымдастырылды.
Еске сала кетелік, іс-шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының жергілікті өкілдігі ұйымдастырды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.