Бұл туралы бүгін орталық «Иманғали» мешітінде өткен «Әжелер мектебінің» отырысында белгілі болды.
Жиынға арнайы қатысып, мектептің басым бағыттарын айқындап берген Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы әжелердің, аналардың қоғамдағы ролі жоғары екендігін атап өтті.
«Қазіргідей жаһандану заманында құндылықтар өзгеріп жатыр. Бірақ, ұлтымыздың ғасырлармен дәлелденген тәлім мектебі өзектілігін жоймайды. Біз «Әжелер мектебін» қоғамның маңызды салаларымен байланыста көргіміз келеді.
Қазіргі уақытта ойнақтап жүріп от басып, тағдыр тәлкегіне ұшырап жүрген қаракөздеріміз көп. Олардың дені «Аналар үйін» паналап отыр. Біздің аналарымыз өмірден түйгендерін сол жандарға айтып, бағыт беріп отыратын болса, адасқан тағдырлар тауқымет тартпас па еді. Сонымен бірге, жергілікті сот орындары жанынан да «Әжелер мектебі» табылуы тиіс. Ажырасып жатқан отбасылар бойынша Қазақстанда статистика ауыр көрсеткішке ие. Аналарымыз жастарды табыстыратын болса, бұл да сауапты амал болар еді. Сонымен бірге, балалар ауылымен тығыз қарым-қатынас керек. Әженің, ананың алақанын аңсап жүрген сәбилеріміз үшін бұл бір жақсылық болар еді» деген Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы аталған бағыттар бойынша жұмыс жоспарын бекітуді тапсырды.
Сонымен бірге, «Әжелер мектебінің» өкілдіктерін аудандардан ашу, «Жусан» операциясы бойынша елге оралғандарды оңалту ісіне аталмыш мектепті араластыру сынды мәселелер бойынша тапсырмалар жүктелді.
Айрықша атап өтерлігі, пандемияға байланысты аталмыш мектептің жұмыс форматы барынша онлайн түрде болады. Яғни, кездесулер, өзге де іс шаралар қашықтықтан ұйымдастыру форматында өтеді.
Еске сала кетелік, бірнеше жылдан бері Атырауда орталық «Иманғали» мешіті жанынан «Әжелер мектебі» жұмыс істеп келеді. Оның құрамында қажы әжелер, Құран бойынша ілімін арттырып жүрген аналар бар.
Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.