Атырауда деструктивті ағым өкілдеріне 400 мың теңгеден астам айыппұл салынды

«Атырауда мешітте тәртіп бұзғандарға 408 мың 380 теңге айыппұл салынды» деп хабарлайды Atr. kz

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз селосындағы «Абдолла Хазірет» мешітінде таң намазы кезінде  3 бірдей азамат  «Әумин» сөзін дауыстап айтқан.

Мешіт имамының намаз алдында намаз кезінде  «аумин» сөзін қатты айтуға болмайтындығы туралы ескертпесіне қарамастан,  Ақтөбе қаласының 1992 ж.т., 1996 ж.т. және 1998 ж.т. тұрғындары мұндай қадамға барған. Бұл жөнінде мешіт имамы полицияға хабарлама түсірді. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 490 бабының 2 бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып,  айыппұл салынды.

Сонымен қатар, аталған үштік Атырау облысы ПД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының «деструктивті діни ағым жақтаушысы» ретінде тізімдік есепте тұрғаны белгілі болды.

Осыған ұқсас оқиға Индер ауданында орналасқан «Әйіп-Қажы»   мешітінде орын алған.  Орал қаласының 28 жасар тұрғыны кешкі намаз уақытында «Әумин» сөзін дауыстап айтқан. Аталған құқықбұзушылыққа қатысты ҚР ӘҚБтК 490 бабының 2 бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, 102095 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Атырау облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы күрес басқармасы «ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнамасына сәйкес, мешітке келушілер оның талаптары мен ережелерін сақтауға міндетті екендігін ескертеді.