Атырауда дін мамандары спортшылармен кездесті

Атырауда бір топ дін маманы спортшылармен кездесіп, жат ағымдардың қаупі, теріс идеологиядан сақтану жолдары тақырыптарында насихат айтты.

Кездесу барысында Атырау облысының Бас имамы, «Жәрдем-Атырау» қорының теолог-маманы Алтынбек Ұтысханұлы жат ағымдардан сақтану мәселесінің өзекті екенін атап өтті.

«Халқымызда «Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң, қасіретің» деген керемет сөз бар. Дін – кемел, дін – кемшіліксіз. Дін атын жамылып, жат әрекет жасайтын, өкінішке орай адамдар. Ислам – бейбітшілік діні. Жер бетіне жіберілген қай дін болмасын, барлығы да ізгі мақсатта жолданған. Сондықтан, қазақ халқының дәстүрімен, ділімен тығыз байланыста жатқан ислам дінінің негізгі миссиясы – ынтымақ, бірлік екенін ұмытпауымыз қажет» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, Атырау облысы Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастырған кездесуде теолог-мамандар Артур Алтайұлы, Ринат Орынғалиевтар да насихат айтып, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.