Атырауда есту қабілетінде мүкістігі бар азаматтарға арналған семинар өтті (+ ФОТО)

Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде есту қабілетінде мүкістігі бар азаматтарға арналған семинар өтті.

Іс шараға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мен «Жәрдем – Атырау» қорының теологы Ербол Жаулин қатысып, қамкөңіл жандарға насихат айтты.

«Байыптай қарайтын болсақ адамға берілетін сынақтар да пайғамбарларға берілген сынақтар іспетті. Дәрежесін көтеріп, жақсылықтарын көбейтудей оңды жақтары анық көрінеді. Пенде өзіне берілген сынақ қиыншылығына сабырмен қарап, Алланың елшілерінен жеткен амалдармен одан жақсы өтсе, оның екі дүниедегі дәрежесі жоғарыламақ. Шүкіршілік еткен адамның несібесі артады» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Сондай ақ, семинарға қатысушыларға мешіт тынысы туралы кеңінен ақпарат берілді. Яғни, мешітте бес уақыт құлшылық жасаумен бірге,ағартушылық, қайырымдылық бағыттағы шаралар өтетіндігі айтылды. Сонымен бірге, amin.kz сайты, amin.kz медиа студиясының, «Аzan» радиосының жұмыстары таныстырылды.