Атырауда Геолог ықшам ауданында мешіт ашылды

Заманауи үлгіде салынған 850 орындық мешіттің ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар және жергілікті жұртшылық қатысты.

Геолог ауылы тұрғындарын мешіттің ашылу салтанатымен Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы құттықтады.

«Қазақта «Азаны бар ауыл азбайды» деген керемет сөз бар. Мешіт – тәрбиенің, руханияттың ордасы. Мешітке «Ихсан» атауының берілуі де тегіннен – тегін емес. Ихсан – кемелдену, рухани қуаттылық, тақуалық деген мағынаны береді. Демек, мешітке келген адам өзінің білімді, рухани кемелденген мұсылман болуы үшін еңбектенуі керек» деп атап өткен Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы құлшылық үйінің салынуына атсалысқан кәсіпкерлерге, демеушілерге ризашылығын жеткізді.

Сондай ақ, Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Геолог ауылы тұрғындарына Ихсан мешітінің имамы Ардақ Жұмабекұлын таныстырды.

Ардақ Жұмабекұлы Түркия еліндегі Стамбұл қаласында «Хасеки» Ислами білімдер оқыту орталығында исламтанушы мамандығы бойынша білім алған. Елордадағы  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану мамандығының магистранты. Әр кезеңде Астана, Орал, Атырау қалаларында жауапты қызметтерді атқарған Ардақ Жұмбекұлы жуырда ғана Түркия елінде білімін жетілдіріп келген болатын.

Еске сала кетелік, Атырау облысы бойынша 41-ші болып ашылып отырған мешітте бас имам бөлмесі, имамдар бөлмесі, Құран оқитын бөлме бар. Намаз залдары ерлер және әйелдерге арналған бөлмелерден тұрады. Заманауи үлгіде тұрғызылған мешіт сәулетінен қазақы нақышпен үйлескен композицияны байқауға болады.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.