Атырауда «Халал» сертификатын алған кәсіпорындар тексерілді (+ ФОТО)

Атырау облысында биыл 12 кәсіпорын халал сертификатын алды.

«Тексеру барысында «Амангелді» шаруа қожалығы, «Халил ұста», «Марокко», «Шоқ Донер» жеке кәсіпкерліктеріне арнайы барып, ондағы ахуалға тағы бір мәрте көз жеткіздік» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы “Халал Даму” халал стандарттау және сертификаттау мекемесінің Атыраудағы өкілдігінің жетекшісі Эммат Ғұмаров.

Еске сала кетелік, халал сертификатын алудың өзіндік тәртібі бар. Ол үшін кәсіпкер «Халал Даму» ЖШС директорының атына өтінішін, заңды құжаттары мен өнім үлгілерін (проба) жолдайды. Тараптар арасында «Халал» өнім өндіру және қызмет көрсету бойынша консалтинг өткізу туралы келісім шарт жасалады. Кәсіпорынның құжаттары бекітіледі, сертификаттау тәсілі анықталады.

Ал, сарапшылар комиссиясы кәсіпорынның жұмыс барысымен, өндіріс тәсілдерімен, шариғат талаптарына сай болу деңгейін анықтайды.

Өнім үлгілерінің құрамы анықталады.

«Ол үшін біз Қазақстан-Жапон инновациялық генетикалық модификацияланған зертханамен келісімге отырып, бірлесіп жұмыс жасаймыз. Бұл зертхананың технологиясы заманымыздың ең мықты деген зертханалардан кем емес. Өнімнің құрамында өте аз мөлшерде де доңыздың ДНҚ-сын анықтап бере алатын мүмкіндікке ие» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы “Халал Даму” халал стандарттау және сертификаттау мекемесінің Атыраудағы өкілдігінің жетекшісі Эммат Ғұмаров.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.