Атырауда «Халал – шариғат талабы» атты семинар өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Халал даму» мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлы жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапары аясында «Халал даму» мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлы “Халал – шариғат талабы” тақырыбында насихат айтты.

«Алла Тағала «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді. Буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш (аң, құс) жеген мал арам. Бірақ, (жаны шықпай) бауыздалғандары басқа», – деп үкім ете отырып, жейтін етіміздің қайсысы адал, қайсысы арам екенін атап көрсетеді.

Халал өнімдері діни тұрғыда ғана емес, экологиялық тазалық тұрғысынан да пайдалы. Яғни, халал таңбасы халықаралық деңгейде сенімділік пен қауіпсіздік нышанына айналған, исламнан басқа да дін өкілдері тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отыр. Адал ас – денсаулықтың да кепілі» деп атап өтті Айбек Асқарбекұлы.

Атап өту керек, қазіргі таңда бүкіл әлемде халал өнімдерін шығаруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Өйткені, халал өнімдер тұтынушы нарықтағы мұсылман халқының саны 1,8 млрд адамды құрайды. Соңғы зерттеулерде әлемдік халал нарығының жылдық айналымы 2 трлн АҚШ долларынан асатындығы айтылады.