Атырауда ақпараттық түсіндіру тобының семинары басталды

Атырауда облыстық дін істері басқармасының бастамасымен дін саласындағы ақпараттық насихаттық топтың семинары басталды.

«Ақпараттық түсіндіру тобының қызмет сапасын арттырудағы жаңашыл бағыттары» атты семинарды Атырау облысы дін істері басқармасы басшысы Хайролла Көшқалиев жастар арасында қазақтың тарихы, ата-бабаларымыздың, батыр тұлғаларымыздың бойынан табылған ізгі қасиеттер туралы кеңірек насихат айту маңызды екенін айтты.

«Қазақ – дана халық болған. Бұл әшейін сөз емес. Қабанбай, Бөгенбай батырларымыз, Абайдың өзі үлкен мектеп. Олардың бойынан табылған ерекше қасиеттер тектіліктің үлгісі еді. Осындай ізгіліктерді жастардың бойына сіңіру, отбасы тәрбиесінде тәрбиелік сұхбаттар айту маңызды» деп атап өтті Хайролла Көшқалиев.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы көпшілік алдында сөйлеушінің бойынан табылуы тиіс қасиеттер туралы айтып өтті.

«Ең алдымен адамның бойында ықылас болуы керек. Яғни, менің сөзім тыңдаушыма пайдалы болсыншы деген ниет қажет. Және адам өзінің білімді, жан-жақты тұлғаға айналуына Алланың себепкер екенін шынайы түйсінуі керек. Және айтқалы отырған тақырыбын жан-жақты зерттеп, пайдалы мәліметпен бөлісетін болса, адам аудитория алдында еркін сөйлей алады.
Жұртшылық алдында жауапкершілікті сезіну, таза киіну сияқты қарапайым әдептер де адамның назарын аудартуға әсер етеді» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Семинар барысында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Назарбаев орталығының аналитик-менеджері Мейрам Кикимбаев «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың қазіргі заманғы аспектілері», теолог-маман Төлеген Талдыбаев «Ақпараттық түсіндіру жұмыстары барысында қолданылатын әдіс-тәсілдер», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің психолог-оқытушысы Гүлвира Кубышева «Дұрыс сөйлей білудің негізгі техникалары», ораторлық өнер маманы Қуаныш Қашқылдықов, «Samigolla Production» студиясының директоры Еркебұлан Мутигуллин көпшілік алдында сөйлеу дағдылары бойынша дәрістер оқыды.

Үш күнге созылатын семинарды «Жәрдем – Атырау» корпоративтік қоры ұйымдастыруда.