Атырауда «Ихсан» мешіті Әжелер мектебіне құрмет көрсетті

Атырауда «Ихсан» мешітінде Мәуліт айына орай, Әжелер мектебі өкілдеріне құрмет көрсетілді.

Игі шара аясында Мәуліт айында әр мұсылман баласы атқаруы тиіс игі істер, рухани кемелдік, жеке тұлғалық даму тақырыптарында сұхбаттар өрбіді.

Шара аясында Қазақстан қажылар қауымдастығының Атырау облысы бойынша әйелдер бөлімінің жетекшісі, «Әжелер академиясының» төрайымы Жұмагүл Насиқызы жиналғандарды Мәуліт мерекесімен құттықтады.

«Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с) әміріне бойұсынып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай.

Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, дегдарлардың дүрі, Пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты Мұхаммедке (с.ғ.с)  Жаратқан Иеміздің жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай, Өзі разы болғандай, сансыз салауаты мен сәлемі болсын» деп атап өтті Жұмагүл Насихқызы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.