Қасиетті Мәуліт айының құрметіне Атырау қаласына қарасты Геолог ауылында жуырда ғана ашылған «Ихсан» мешітінде ауқымды іс-шара өтті.
150 адамды қамтыған рухани кеште Мәуліт жыры оқылды.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысқан рухани кеште Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) салуалы өмірі туралы кеңінен дәріс оқыды.
«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мінезі Құран болған ерекше адам. Көркем мінез, шынайы мұсылман деген уақытта біз адамзаттың асылы Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) үлгі алуымыз керек.
Көркем мінез – адам бойындағы ұлы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы.
Айша (Алла оған разы болсын): Хазрет пайғамбарымыз (с.а.у) былай айтты:
«Я, Алла тағалам! Жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінезімді де көркем етші!» – деп дұға ететін деді. Демек, біз ісімізді, ойымызды, бойымызды түзеу арқылы кемелдікке жете аламыз. Осы ретте, Пайғамбарымыз бізге үлгі болады» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.