Атырауда «Ихсан» мешітінде рухани шара өтті

«Ихсан» мешітінде саналы өмірін қайырымдылыққа арнаған, бүгінде бақилық болған Саресенова Сымбат Қорабайқызының атына ұрпақтары дұға дастарханын жайды.

Марқұмның атынан мешіт жамағаты үшін садақа дастарханын жайған іс шараға «Қажымұқан Мұңайтпасов» мешітінің имамы Айтжан Абдиров келіп, насихат айтты.

«Салиқалы ұрпақ тарапынан қайтыс болған әке-шешелері, ата-бабалары немесе өзге жақындарының атынан жасаған ізгі амалдарының сауабы, Алланың қалауымен марқұмдардың дәрежесінің өсуіне септігін тигізеді. Ғалымдардың пікірінше, аталмыш ізгі амалдардың ішінде ең абзалы деп садақа саналады. 

Бұл жерде садақа дегеніміз міндетті түрде қаржылай көмек беру емес. Бір тұрмысы төмен отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетудің өзі – садақа. Сондай-ақ, адам өзінің шама-шарқына қарай қайырымдылық жасаса да болады. Егер біреудің жағдайы жетіп жатса, марқұм болған жақындарының атынан халықтың игілігі үшін жол салып, құдық қазып немесе кітап шығарса және адамдар бұл игіліктерді қаншалықты көп пайдаланса, Алланың қалауымен марқұм болған адам да соншалықты көп сауап алары анық» деп атап өтті ұстаз Айдын Серікбаев.

Еске сала кетелік, бүгінде бақилық аттанған Сымбат Сәресенова көзі тірісінде мешіттің тұрақты жамағаты болған. Және уақытының көп бөлігін садақа беруге арнаған адам.