Атырауда «Иманғали» мешіті 4 мұқтаж отбасына жаңа пәтер кілттерін тапсырды (+ ВИДЕО)

«BASTAU CONTRUCTION» компаниясының тікелей қолдауымен берілген 4 үй Атырау қаласының Самал ықшамауданында тұрғызылған «Самал Town» тұрғын үй кешенінен табыс етілді.

Мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған қай-қай шаңырақ та ұзақ жылдардан бері пәтер жалдап, баспана тауқыметін тартып келген.

Мәселен, Эльмира Берікқызы жалғызбасты ана. Ұлы сал ауруына шалдыққан. Қызы арнайы тыныс алу аппаратымен дем алады. Екі баласы да бірінші топ мүгедегі. Біраз уақыттан бері пәтер жалдап келе жатыр.

Екінші шаңырақ иесі Жаннұр Қуанғалиева да сал ауруына шалдыққан бала тәрбиелеп отыр.

Лаура Сәрсенова мен Бақытгүл Тағарова көп бала тәрбиелеп отырған аналар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында берілген пәтерлерді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «BASTAU CONTRUCTION» компаниясының өкілдерімен бірге, арнайы барып табыс етті.

Еске сала кетелік, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Атырауда орталық «Иманғали» мешіті арқылы, күні бүгінге дейін мұқтаж шаңырақтарға 25 баспана берілді.



Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.