Ұлылардың ақтық демі

Мына біз өмір сүріп жатқан әлем негізінде даналыққа толы. Өйткені, Жаратушының жаратқан әр бір затына қарап ғибрат алып, ойланып қарап көп жетістікке қол жеткізуге болады.

Алла Тағала бұл әлемді адам баласы үшін сынақ етіп жаратқан. Ал осы сынақтан өту әр бір иман еткен мұсылманның арманы. Дегенмен өзіне берілген жетістіктерді көтере алмай қалып жататын пенделер де аз емес. Мысалы біреу жиырма жасында мықты кәсіпкер атанып миллиардтаған ақшаға қол жеткізіп жатса, бұл оңай болған жоқ, менің жетістігім, маңдай терім, ұйқысыз өткізген күндерімнің арқасы, білімімнің арқасы деп күпірге қалай батып кеткенін аңғармай да қалады.

Шайтаны лағнетке де керегі осы, ол осы жерден пенденің жүрегіне үймелеп адастырып әкетеді. Тәкаппарлыққа ұрынғызады. Ал рухани жағынан алып қарасақ білім, денсаулық, жетістік барлығы да Алланың бергені. Қазақ атамыз айтқандай Алла біреуге беріп сынаса біреуден алып сынайды дейді, демек бір жағынан сынақ.

Бүгін біз сіздерге өз уақытында әлемді аузына қаратқан, өз уақытының теңдессіз спортшысы атанған Брюс Ли туралы айтпақпыз. Брюс ол шыныменен ерекше жылдамдығымен талайды таңдай қақтырған сымбатты спортшы. Оған қарап көптеген адам балалық шағында талай еліктеді. Бірақ соңғы уақытта осы бір ғажайып тұлғаның өмірінен қандай естеліктері бар екен деп ағылшын, орыс тілдерінен ақпарат іздеп көргенімде былай деп айтқанын көзім шалып өздеріңізбен бөліскім келді.

“Мен, Брюс Ли, Америка Құрама Штаттарындағы ең жоғары жалақы алатын бірінші Шығыс супержұлдызы боламын. Өз кезегінде мен ең қызықты қойылымдар қоямын және актер ретінде ең жақсы сапа көрсетемін. 1970 жылдан бастап мен әлемге әйгілі боламын, содан 1980 жылдың соңына дейін менің иелігімде 10 000 000 доллар болады. Мен өзім қалағандай өмір сүріп, ішкі үйлесім мен бақытқа қол жеткіземін.”

Брюс Ли, қаңтар 1969 жыл

Мінекей, ол кісі осы сөзінен кейін бұл жетістіктерінің ешқайсына да қол жеткізбестен арада 4 ақ жыл уақыт өткеннен соң 1973 жылы қайтыс болды.

Ұлы Жаратушымыз Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп баяндайды:

Қандай да бір іске бел буғаныңда, «Мен оны ертең (міндетті түрде) істеймін», – деп айтушы болма.
Тек «иншалла (Алла қаласа) істеймін», – деп айт. Олай айтуды ұмытып кеткеніңде, (есіңе түсе салысымен) бірден Раббыңды есіңе ал әрі: «Раббым маған туралыққа ең жақын болған істі аз ғана уақыт ішінде істеуді нәсіп етер деп үміт етемін», – де.

(«Кәһф» сүресі 18:23-24)

Алла деп ашқан жақ адаспасы ақиқат. Алла Тағала баршамызды есіре сөйлеуден сақтасын!

Ержан Қуанышұлы,

“Сұлтан Бейбарыс” мешітінің имамы.