Атырауда карантин жағдайындағы Рамазанның қалай өтетіні белгілі болды

Атырау мешіттерінде Рамазанға дайындық мәселесі талқыланды.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының төрағалығымен жергілікті имамдардың кезекті көшпелі мәжілісі онлайн форматта өтті. Оған қала, аудан және ауыл имамдары қатысты.

Мәжілісте Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы пандемия жағдайына байланысты, Рамазанда қашықтықтан атқарылуы тиіс шараларға тоқталды.

«Мәселен, уағыздардың барлығы онлайн форматта өтуі қажет. Сол себепті, мешіттердің әлеуметтік желілердегі парақшаларын тиімді пайдалану керек.

Онлайн форматта уағыз ғана емес, Құран оқылып, намаз үйрету сынды дәрістер де ұйымдастырылуы маңызды. Карантин талаптарын қатаң сақтау мақсатында дезинфекциялық шараларды күшейту керек.

Және Рамазанда жамағатты көбірек истиғфар айтуға, салауат айтуға үндеуіміз қажет» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Сонымен бірге, мешіттер жанынан жылдағыдай киіз үйлер құрылып, ауызашар берілмейтіні белгілі болды. Ауызашар қоржындары ауыз бекіткендерге тасымал түрінде жеткізілетін болады.

Еске сала кетелік, ораза 13 сәуірде басталады. Қасиетті Қадір түні мамыр айының 8-нен 9-на қараған түні.

Пітір садақа мөлшері – 420 теңге.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі