Көркем мінез

Аса мейірімді Алланың атымен бастаймын! Күллі мадақ пен мақтау жалғыз Аллаға болғай және оның сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедке Алланың сәлемі мен салауаты болғай!

Ислам шариғаты өз ішіне адамның екі өміріне де қажетті дүниелердің барлығын қамтыған. Мұның дәлелін, барлық мәселелердің шешімін тек осы діннен ғана тапқан кезде сезінеміз. Кісі тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірі барысындағы кездесетін жағдаяттардың барлығында исламға арқа сүйеп, тек осы діннен ғана барлық сұрағының жауабын таба алады. Яғни адам баласының ұйқысы, тамақ ішуі, киім киюі, қоғаммен қарым-қатынасы, тіпті әжетхана әдебін де ислам діні қарастырып, бұл мәселердің қалай орындалатынын түсіндіріп кетті. Ал мұндай мәселелердің бүге-шүгесіне дейін қарастырған бірде-бір дін жоқ.

Кез-келген дінде адамның адамдармен, адамның өзімен және жаратушысымен болған қарым-қатынастары туралы айтылады. Яғни дінтану саласы бойынша кез-келген дін өз ішіне осы үш мәселені қамтымайынша, толыққанды дін болып есептелмейді. Мұндағы адамның адамдармен байланысы, ислами тұрғыдан – муаъмалат, адамның өзімен байланысы – тариқат, адамның жаратушысымен байланысы ақида ілімімен қатысты болып табылады.

Осыларың ішінде адамның өзімен байланысы, оның өз-өзін іштей дұрыстап, өз-өзін тәрбиелеуі болып табылады. Осы кезекте айта кететін дүние – мұсылман адамның көркем мінезді болуы. Көркем мінезділік, әрине басқа діндерде де қарастырылғанымен, ислам шариғаты бойынша бұл мәселе өте кемел дәрежеде қарастырылған. Аса әсіресілтеушілікке де бой алдырмай, тым қатігез де болмай, орта жолды ұстануға бұйырады. Бұған байланысты Алла Тағала Құранда былай деп келтіреді: «Мұхаммед Алланың елшісі, оның қасындағылар (сахабалар) кәпірлерге өте қатал, ал өз араларында аса мейірімділік танытады»1.

Яғни басқа діндерде, мейірімділіктің шегіне жетемін деп, тіпті отанына жау шапқан кезде де, қолына қару алудан қашады. Ал кейбір діндерде соғыс кезінде, тіпті адами сипаттардан да шығып кетіп, дұшпан тараптан тұтқынға түскен не соғыс барысында, ол тараптың адамдарының дене мүшесіне аюуандық әрекеттер жасап, оның денесін бөлшектеп, дене мүшелерін қорлайды. Ал ислам дінінде осы екі тарап арасында асыра сілтеушіктің алдын алып, орта жолды ұстанады.

Бір сөзбен айтқанда көркем мінезділік барысында да шек бар екен. Мұсылман кісінің жүзі екі қырлы болып, бір тарапы жібек матасы секілді жұмсақ болса, екінші тарапы қылыш секілді өткір болады. көркем мінезділікке байланысты Алла Тағала Құранда көптеген аяттарды келтірген. Солардың ішінде мына бір аяттарға тоқтала кетейік: «Расында сендердің ішіңде Алладан және ақырет күнінен үміт ететін және Алланы көп еске алатындар үшін Алла елшісінің бойында көркем өнегелер бар»2. Бұл аятта Алла Тағала Пайғамарға ﷺ еліктеп, сол кісінің артынан ілесуіміз керек екені туралы бізге үндеу жасап жатыр. Бұл аятты қуаттай түсетін басқа аятты келтіретін болсақ, «Расында, сен сондай тамаша мінезге иесің»3. Бұл аятта да Алла Тағала Пайғамбардың ﷺ көркем мінезді екенін айтып жатыр. Аталмыш аяттарды растау мақсатында Пайғамбарымыз ﷺ былай деп айтқан: «Шынында, мен көркем мінездерді толықтыру үшін жіберілдім»4. Басқа бір хадисте Пайғамбар ﷺ былай деп айтады: «Қиямет күні маған ең жақын әрі сүйкімді болатын адамдар – көркем мінезділерің»5. Келесі хадисте былай делінген: Пайғамбардан ﷺ жұмаққа ең көп адамдарды кіргізетін не нәрсе? деп сұралған кезде, Пайғамбар ﷺ – тақуалық пен көркем мінез, ал тозаққа ең көп адамдарды кіргізетін не нәрсе? деп сұралған кезде, Пайғамбар ﷺ – тіл мен екі бұттың арасындағы нәрсе, – деп жауап берді6. Осы секілді көркем мінезге баулитын аяттар мен хадистер көптеп кездеседі.

Басқа да пайғамбарлардың өмірінен мысал: «Бірде Иса пайғамбар бір топ яхудилердің алдынан өтіп бара жатқан кезінде, олар Иса пайғамбарға түрлі балағат сөздерді айтып, оны кемсіткен еді. Сол кезде Иса пайғамбар оларға көркем түрде жауап қайтарды. Сонда Иса пайғамбардан, олар сені балағаттап жатқан кезде, сен оларға қалайша жақсы жауап қайтардың? деп сұралады. Ол – әркім өзінің ішінде не бар, соны сыртқа шығарады, – деп айтқан екен7».

Мәулана Руми атты дана кісі де көркем мінезге байланысты былай деп айтқан: «Жүрегіме қарап, иман не? – деп сұрадым. Жүрегім: Әдеп! Әдеп! Әдем! – деп үн қатты».

Әдеп пен ихсан іліміне терең бойлаған қазақ ойшылы, Абайдың немере інісі Шәкәрім де көркем мінезді былай деп сипаттайды: «Біреудің мінін көргенеше, Жамандығын тергенше, Өз ойыңды мазалап, Өз бойыңды тазалап, Өзіңмен күрес өлгенше».

Көрке мінезге қатысты қазақ мақал-мәтелдерінен мысалдар:

Ұлық болсаң, кішік бол!

Арғымақ аттың құйрығы – әрі жібек, әрі қыл,

Асыл мінез азамат – әрі төре, әрі құл!

Адамның құлқы түзелмей,

Өмірдің қалпы түзелмейді!

Міне, осылайша Алланың аяттары, Пайғамбардың ﷺ хадистері, қазақтың дана сөздерімен сөзімізді түйіндеп, барша мұсылман жұртшылығына қиямет күні Пайғамбарға ﷺ ең жақын адамдардың қатарында болуды жазғай! деп тілейміз. Алла Тағала баршамыздың құлшылығымызда ықыласты, тіршілігімізде адал, қарамы-қатынасымызда көркем мінезді болуды нәсіп еткей!

Құрал АХАД, Атырау селолық мешітінің ұстазы.

  1. Фатых 29.
  2. Ахзаб 21.
  3. Қалам 4.
  4. Муснад, Ахмад ибн Ханбал, 8952.
  5. Сунан Термизи 2018.
  6. Сунан Термизи 2004.
  7. Жаддид хайатак.