Атырауда Мәуліт құрметіне орай, қайырымдылық шарасы өтті

Атырау қаласына қарасты Жұлдыз ықшамауданында орналасқан Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінде Мәуліт айының құрметіне орай қайырымдылық шарасы өтті.

30 отбасы қамтылған іс-шарада әлеуметтік жағдайы төмен шаңырақтарға азық-түліктей көмек көрсетілді. Мұқтаждарға азық-түліктерді Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің наиб имамы Арыстан Мұхамедкәрім табыс етті.

«Алла біздерге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға берген абзал.

Бұл туралы Құранда «Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» дейді.

Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше, Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Үлес қосқан жандарға Алла разы болсын» деп алғыс білдірді мешіттің наиб имамы Мұхамедкәрім Сматұлы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.