Атырауда «Медет» мешітінде жамағатқа арналған рухани кеш өтті.
Қоғамның тұрақтылығын нығайту, жамағат арасындағы ауызбіршілікті арттыру мақсатында өткен рухани шарада «Медет» мешітінің имамы Мұхамедкәрім Сматұлы насихат айтты.
«Халқымызда «Береке басы – бірлік», «Бірлікті ел бұзылмас» деген аталы сөздер бар.
Алла Тағала мұсылман баласына: «Бөлінбеңдер …» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) – деп бауырмал болуға бұйырған. Мұсылман баласы көркем мінез-құлықпен ел ішіндегі ауызбіршілікті сақтай білуі керек. Себебі, рухани тұрғыда өсіп-жетілген тұлға қандай жағдайда да барлық мәселені байыпты жолмен шешеді.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Ауызбіршілікте – Алланың мейірімі, бөлінуде – қаһары бар» (Имам Ахмад) деп, ынтымақ пен бірліктің мәнін ашып көрсеткен.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деп бұқараны бірлікке шақырған. Міне, осындай тағылымы мол сөздер баршамызға үлгі болуы тиіс» деп атап өтті имам Мұхамедкәрім Сматұлы.