Атырауда мешіттердің Құрбан айтқа дайындығы талқыланды

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қала, аудан имамдары үшін онлайн форматта жиналыс өткізді.

Жиын барысында қасиетті Құрбан айт мерекесіне дайындық, құрбан шалу мәселесі, мешіттердегі санитарлық талап жайы талқыланды.

«Пандемия жағдайына байланысты, биыл екінші жыл қатарынан Құрбан айт мерекесі ерекше жағдайда өткелі отыр. Қалалық жерлер тұрғындары үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл да «Құрбан2021» қосымшасының қызметін ұсынуда. Яғни, санитарлық талаптарды сақтау, аурудың күшейуінің алдын алу мақсатында қала тұрғындары құрбандықты онлайн жағдайда шала алады. Қажетті фото, видео есептер құрбан шалушыға жіберіледі. Ал, ауылдық елдімекендер үшін әркімнің өз шаңырағында құрбан шалуына мүмкіндік бар.

Мешіттеріміз халық көп жиналатын осындай кезеңде күшейтілген санитарлық режим жағдайында жұмыс істеуі тиіс. Және онлайн құрбандық шалу үрдісіне жауапты мамандар тізімі нақтыланып, міндеттері түсіндірілуі қажет» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Сонымен бірге, имамдарға тиісті тапсырмалар берілді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.