Атырауда мүфтияттың халал сертификатын алған дәмханаларға аудит жүргізілді

Атырау қаласындағы «Sanсak», «Angel in us coffee», «Afsona», «Ташкент палау», «Iris», «Bomazza», «Morocco», «Coffee River» қоғамдық тамақтану орындары, «Зәуреш тәттілері» кондитерлік өнімдері, «Halil Usta» ет дүкенінде аудит жұмыстары жүргізілді.

Бақылау-қадағалау шараларын «Халал Дамудың» бас сарапшы технологы Айжан Омарова мен жергілікті өкіл Аманжол Қайрат орындады.

Аудит барысында халал стандарты бойынша кәсіпорындарға қойылатын талаптардың орындалуы, шикізат пен тағамдық қоспалардың шариғатқа сай болуы, өндіріс аймағының тазалығы, дайын өнімдердің тоңазытқыштар мен мұздатқыштарда дұрыс сақталуы, қызметкерлердің санитарлық тазалықты қадағалауы секілді барлық мәселелер назарға алынды.

Сертификаттаудан өтуге ұсыныс білдірген «Angel in us coffee», «Afsona», «Мамулины вкусняшки» кәсіпорындарына ескерту жасалып, кемшіліктерін реттеуге екі апта мерзім берілді.

Халал талаптарына сәйкестендіру жұмыстары толықтай аяқталғаннан кейін ғана «Angel in us coffee», «Afsona», «Мамулины вкусняшки» кәсіпорындарына «QMDB Halal» cертификаты табысталатынын ескертеміз! Тексеріс қорытындысы бойынша акт толтырылып, кәсіпорын қызметкерлеріне халал турасында оқу-семинары жүргізілді.

«Халал ас тұтыну – әрбір мұсылман үшін маңызды. Сондықтан да, кәсіпкерлер мен қызметкерлерге шариғатымыздағы халалдың орны мен маңызы, халал стандарт талаптарын сақтай отырып қызмет көрсету мәселерін түсіндіру біздің міндетіміз. Сол себепті, халал жөнінде барлығымыздың біліміміз бен ақпаратымыздың болуы шарт», – деген Айжан Қалмаханқызы стандарт талаптарын толықтай түсіндіріп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.