Атырауда «Өнер қырандары» театрының қатысуымен Мәуліт кеші өтті (+ФОТО)

Атырауда орталық «Иманғали» мешітінің ұйымдастыруымен «Пайғамбар өнегесі» атты Мәуліт рухани кеші өтті.

Кеш барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жұртшылықты қасиетті Мәуліт айының басталуымен құттықтады. Және екі дүние сардары болған Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өмірі туралы қиссалармен бөлісті.

«Пайғамбар – әлемдерге мейірім шуағын төгуге келген жан.

Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) немересі – қызы Зәйнәбтың баласының өлуге айналғанын көріп жылайды. Адамдар неге жылағанын сұрағанда: «Бұл – мейірім. Алла оны қалаған пендесінің жүрегіне салады. Сондай-ақ Алла мейірімді пенделеріне ғана мейірім көрсетеді», – деп айтқан (Бұхари).

Бірде намаз оқып тұрып сәждеге барғанында үстіне кішкентай немересі Хасан шығып алады. Пайғамбар (с.ғ.с) сәждеде ұзақ болады. Сәлем бергеннен кейін адамдардан кешірім сұрап: «Мына Хасан балам үстіме мініп алды. Басымды көтерсем жерге құлап түсе ме деп қорықтым» дейді.

Алла Елшісі (с.ғ.с) адамдарға ғана емес, барлық тіршілік иелеріне жанашырлықпен қарайтын» деген Алтынбек Ұтысханұлы Пайғамбар (с .ғ.с) өнегесін жұртшылыққа үлгі етті.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.